Жетісу облысында тау бөктерінде жабайы алма гүлдеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жетісу облысында тау бөктерінде жабайы алма гүлдеді

10.05.2024

Жетісу облысында дәл қазір сиверс алмасы гүлдей бастады. Дүние жүзіндегі барша алманың атасы саналатын бұл жеміс бүр жарғанда Жоңғар Алатауы ұлттық табиғи паркі аумағы ерекше көрініске бөленеді. Ерекше қорғалатын аумақта жабайы алманың да әр бұтағы қызғыштай қорғалады. Қызыл кітапқа енген ағаштың биылғы жайқалған сәтіне тәнті болған өңірдегі тілшіміз Қуаныш Қанатұлының бейнематериалы.

Қуаныш Қанатұлы, тілші:

Біз бірнеше жыл қатарынан Жоңғар Алатауы ұлттық табиғи паркінің дәл осы жеріне келетінбіз. Бірақ биыл ғана осындай тамаша сұлулықтың куәсі болып тұрмыз. Шығысқа, батысқа, оңтүстік пен солтүстігіне қарасаң да тау бөктерінде сиверс алмасы жайқалып гүлдеп тұр. Мыңдаған туристер көктемде Жапон еліне сакураның гүлденуін көруге асығады. Ал бұл өзіміздің Қазақстан. Жер жаннаты Жетісу.

Сиверс алмасының ең көп шоғыры Осиновая кардонында. Мың гектардан асатын аумақтың өсімдігі мен жануарлар дүниесінің күзетшісі мемлекеттік инспектор Анатолий Филатов. Жас болса да қарамағына бекітілген аумақты қорғап жүрген қорықшы биылғы жабайы алманың ерекше жайқалғанына қуанып отыр.

Анатолий Филатов, мемлекеттік инспектор:

Биыл біз үшін мереке десе болады. Сиверс алмасы ерекше гүлдеп жатыр. Мен бақылайтын аумақ теңіз деңгейінен 1200 метр биіктікте. Жабайы алма дәл осы биіктікте өте көп өседі. Мен осы бір сұлулықты сақтап, келесі ұрпаққа жеткізуге үлес қосып жатқаныма мақтанамын.

Биылдан бастап жабайы алманы қорғау жұмысы күшейтілді. Қызыл кітапқа енген дақылды енді кез келген адам келіп зерттей алмайды. Ғалымдарға да құзырлы органдардың рұқсаты керек. Ал осы сұлулықты тамашалап, суретке түсіргісі келетіндерге есік ашық.

Ернұр Манапханұлы, Алматы қаласының тұрғыны:

Бірінші рет көруім. Тамаша. Жақсы. Естуге қарағанда бүгінгі көрген жерімнен көрмеген жерімнің де әдемі жерлері бар деп естіп жатырмын бүгін. Мүмкін болса солардың бәрін көріп фотоға түсіруге тырыспақшымыз.

Ауа райы құбылып күрт суып кетпесе тау бөктеріндегі бұл сұлулық әлі екі аптадай сақталады. Жабайы алманың дәл осылай гүлденуіне қарап, басқа да дақылдардың жемісті болатынына сенім мол, дейді табиғат жанашырлары.

Қуаныш Қанатұлы


Хабарламаларға жазылу