Алматыда Сағадат Нұрмағамбетов тұрған үйдегі мемориалдық тақтаға гүл шоқтары қойылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда Сағадат Нұрмағамбетов тұрған үйдегі мемориалдық тақтаға гүл шоқтары қойылды

07.05.2024

Алматыда мерекелік шаралар алғашқы қорғаныс министрі, соғыс ардагері, Халық қаһарманы Сағадат Нұрмағамбетов тұрған үйдің жанына гүл шоқтарын қоюдан басталды.

Сағадат Нұрмағамбетов – еліміздің Қарулы күштерінің қалыптасуы мен дамуына өлшеусіз үлес қосқан дарынды мемлекет қайраткері, даңқты қолбасшы ретінде елдің есінде қалған аңыз адам. Соғыс жылдарында ол Краснодар өлкесін, Украинаны, Молдавияны, Батыс Белоруссия мен Польшаны азат етуге қатысты. Сұрапыл кезеңде көрсеткен ерен ерлігі мен қаһармандығы үшін оған небәрі 21 жасында Кеңес Одағының батыры атағы берілді. Мемориалдық тақтаға гүл шоқтарын қойғаннан кейін гарнизон әскери қызметшілері батырдың ерлігіне құрмет көрсетіп, салтанатты маршпен жүріп өтті. Айта кетейін биыл Халық қаһарманы, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтің туғанына 100 жыл толады.

Бексұлтан Сәрсеков, «Қазақстан генералдар кеңесі» қоғамдық ұйымының төрағасы:
Осыдан 32 жыл бұрын генарал Нұрмағамбетовтің басқаруымен тәуелсіз Қазақстанның Қарулы Күштері құрылып еді. Содан бері Қарулы Күштеріміз ең мықты болып, жауынгерлері жүректі болып келе жатыр. Соғыстан кейін туған азаматтардың тек қана бір тілегі, біздің Қарулы Күштеріміз мықты болып, Қазақстанның жерін қорғайтындай болсын. Сағадат Нұрмағамбетовтің өмірі бізге мәңгі үлгі болып өтсін.

Жазира Оразқызы

Хабарламаларға жазылу