Түркияның бірнеше қаласында қазақстандық студенттер мен түркиялықтарға «Алмас қылыш» фильмі көрсетілді. Қазақстанның Түркиядағы елшілігі мен бірнеше қаладағы Бас консулдықтар ұйымдастырған шара шетелде жүрген студенттердің басын қосып, жергілікті тұрғындарға қазақ тарихын таныстыру мақсатында өткізілді.
Ыстамбулда оқитын студенттер мен қала тұрғындары қазақстандық фильмді көруге көптеп жиналды. Келген қонақтарға ыстық бауырсақ ұсынылып, домбырашылар өнер көрсетті. Ал көркем фильмдегі тарихи оқиғалардың сабақтастығы әсіресе түркиялық ғалымдарға ерекше әсер етті.
Айна Әскероғлы, Ыстамбұл университетінің доценті:Қазақ тарихы туралы, қазақ халқы туралы көп жаңа мағұлмат алдым. Бұдан кейін де бауырлас қазақтар туралы көбірек білуіміз үшін осындай фильмдер жиі көрсетілсе деймін. Әсіресе Абылай ханның тарихтағы рөлі туралы жақсы фильм болса, ойланбастан барар едім.
Элиф Алтун, Ыстамбұл университетінің докторанты:Актерлардың ойыны да, фильмнің музыкасы да ерекше әсерлі болды. Өте сәтті шыққан - фильм. Бұған дейін Томирис фильмін көрген едім. Қазақ тарихи киноларының шынайылығы мен ауқымдылығы ұнайды.
Измир қаласында фильм көрсетілмес бұрын Бас консул студенттермен кездесіп, оқу барысы мен жастарды толғандырған түрлі мәселелерді талқылады. Одан кейін ашық аспан астында құрылған кинотеатрдан отандық туындыны тамашалаған студенттер ерекше әсер алғандарын айтты.
Ғайни Мұратқызы, студент:Қазақ еліне деген сағынышымыз өте үлкен, бүгін патриоттық сезімім оянып біраз көзіме жас алдым, қанша дегенмен елімізді қатты сағынамыз. Алты жыл Түркиядамын бүгінгі шара үшін көп көп рахметімізді айтамыз.
Әйгерім Эрнст, студент:Басқа университеттерден келген қазақтарды көргенімізге өте қатты қуаныштымыз. Осылай арасында жиналып тұрған өте керемет. Өйткені кейде қазақтарды, тағамдарды сағынамыз, қазақ тілін де сағынамыз. Осылай әрдайым ұйымдастырып тұрса өте жақсы деп ойлаймын.
Тарихи фильм сондай-ақ Анкара, Анталия, Сакария қалаларында да көрсетілді. Бұл туынды жырақта жүрген жастардың елге деген сағынышын басып қана қоймай, бір-бірлерімен жақынырақ танысуларына да мүмкіндік сыйлады. Бүгінде Түркияда 12 мыңдай қазақстандық студент білім алып жүр.
Айдос Әшімұлы