Экономист: Тасқыннан зардап шеккен тұрғындарға баспананы мемлекет салып бергені тиімді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Экономист: Тасқыннан зардап шеккен тұрғындарға баспананы мемлекет салып бергені тиімді

06.05.2024

Тасқыннан зардап шеккен кейбір тұрғындар суға кеткен баспанасының құнынын ақшалай алуға ниетті. Ал, экономистер үйді мемлекет салғаны тиімдірек, өтемақының тұрғындардың қолына берілгені – қателік деп есептейді. Бұған бірнеше себеп бар. Қазір, тасқын болған өңірлерде қираған баспаналарды қалыпқа келтіру және жаңасын салу жұмыстары жүріп жатыр. 

Тасқын су биыл еліміздің бірнеше облысына залал келтірді. Салдарынан мыңдаған отбасы баспанасын тастап, эваукуациялық пункттерде бас сауғалауға мәжбүр болды. Десе де араға көп салмай, қираған үйлер қалыпқа келтіріліп, жарамсыздарының орнына жаңалары салына бастады. Мысалы Павлодар облысына қарасты Жалаулы ауылында қазір бірнеше үй тұрғызылып жатыр. Құрылыс жұмыстары шілдеге дейін аяқталады.

Каршыга Байманов, Жалаулы ауылының тұрғыны:
Далада қалдырмайды деп сендік. Расыменде мемлекет жан-жақты көмектесіп жатыр. Қиын кезде, ауылды су басып жатқанда тамағымызға дейін осында әкеліп берді. Сапалы қылып, жаңа үй салып жатыр. Құрылысшылар демалыссыз осы үйлерді аяқтауға тырысуда.

Енді мемлекет салатын үйлердің сапасына тоқталсақ. Былтыр Ақтөбе облысында қарасты Қобда ауылына тасқын су кіріп, ондаған үй қирады. Арадан көп өтпей мемлекет баспанасыз қалғандарға 30 үй салып берді. Тұрғындардың сөзінше баспананың сапасы жақсы, жылу мен су тартылған.

 Хадиша Ерболатова, Қобда ауылының тұрғыны:
Жаңадан үй салып берді. Биылғы суға кеткен адамдар үйдің орнына ақша сұрап отыр. Ақшадан гөрі үй салып берген дұрыс болады. Ол ақшаның берекеті болмайды. Қазір бәрі қымбат, оны жалдаудың өзі қымбатқа түседі.

Бүгінге дейін арнайы комиссия тарапынан 4 мыңға жуық үй тексеріліп, 524 үйді жөндеу керек деген қорытынды шығарған. Ал, жаңадан салынатын үйлердің нақты саны әзірге белгісіз. Өйткені, кейбір елдімекендерде әлі су тұр.

Дегенмен, «Қазақстан халқына» қоры тарапынан 500-ден астам үй салынатыны белгілі. Айтап айтсақ БҚО-да 114 үй, СҚО-да 100 үй, Қостанай өңірінде 70 және Ақмолада 87 үй салынады. Бұл мақсатқа қордан 10 млрд теңге бөлінген. Оған қайырымдылықтан жиналған 4,8 млрд теңгені тағы қосыңыз. Экономистер мен сарапшылар айтуынша, баспанасыз қалғандардың өтемақысын өз қолдарына беру үлкен – қателік. Өйткені бұл сол аумақта инфляция қарқынын артырып, ақшаның тиімсіз жұмсалуына әкеліп соғады.

Айбар Олжай, экономист:
Себебі оның екі үлкен қауіпі бар. Біріншісі, инфляция. Сол аймақтағы инфляцияны қоздырады. Негізі ол сол үйді қайтадан қалпына келтіруге бағытталған қаржы. Ал, қолға берілген қаржының нысанын мемлекет әркімнің артынан қалай жүгіріп жүреді? Менің ойымша сол азаматтардың өзіне де мемлекеттің үйді салып, орнына қойып бергені тиімді. Өйткені олар ақшасын жоғалтпай үйге қол жеткізеді. Ал, ақша қолына берілсе ол анда жұмсалады, мында жұмсалады, той болады, біреуге көмектеседі. Сол ол үй ақыры салынбай қалады. Сонда кім ұтылады мемлекет ұтыла ма? Ақшаны қолға бере салған да, үй салып берген де оларға бәрібір.

Мамандар тұрғындардың қолына ақшалай берілген өтемақы бей-берекет жұмсалып, біршама адамның баспанасыз қалуы мүмкін екенін ескертті. Сондықтан шығынды мемлекет ұсынып отырған жолмен қайтару әлдеқайда тиімді болмақ.

Нұрсұлтан Тілектес


Хабарламаларға жазылу