Өткен аптада басталған толассыз жауын АҚШ-тың Техас штатын да әбігерге салып жатыр. Өзен, көлдер арнасынан асып, өңірдің оңтүстік шығыс аудандарын су басты. Құтқарушылар 400-ден астам адамды су астында қалған үйлерінен алып шыққан.
Қарғын судың көптігі сонша кейбір үйлердің төбесіне дейін жеткен. Жергілікті билік өзен жағалауынан шұғыл қауіпсіз жерге кетуді бұйырғанымен тұрғындардың бір бөлігі ескертуге құлақ аспаған. Сондықтан мамандарға су басқан елдімекендерді қайықпен аралап, құтқару жүргізуге тура келді.
Райан Холл, бақылаушы:
Бұл менің карьерамда көрген ең қатты тасқын. Өзен суының осынша биік көтерілгені есімде жоқ. Кеше біздің өзіміз 100-ден аса адамды құтқардық.
Шенеуніктердің хабарлауынша, соңғы аптада Конро көлінің маңына 50 см жауын-шашын түскен. Сондықтан мамандар көлдегі бөгетті ашып суын ағызуға мәжбүр болған.
Остин Джуно, тұрғын:
Айналамыздағы суды көріп тұрсыңдар. Дәл қазір ол жолды басып қалды. Бөгетті ашқандықтан су өте тез келіп жатыр. Сондықтан бөгеттерді ашық қалдырса, жағдайымыз тіпті қиындайды.
Бұл ауданда 3 ірі су қоймасы бар. Шамадан тыс судан бөгеттердің бұзылу қауіпі күшейді. Сондықтан жергілікті билік артық суды ағызуға мәжбүр. Ауа райын болжу қызметтің хабарлауынша су тасқынының қарқыны әлі екі күн бойы сейілмейді.
Жалғас Сәдібекұлы