Шымкентте үш мыңнан астам шаруашылық механизатор маманға зәру - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шымкентте үш мыңнан астам шаруашылық механизатор маманға зәру

04.05.2024

Шымкентте, шаруалар көктемгі егіс науқаны басталғалы механизатор іздеп сабылып жүр. Бұл жағдай жылда қайталанады. Аймақта ауыл шарушалығы техникасының қыр-сырын білетін маман тапшы.

Берік Әлішеров көктем шыға тракторға отырады, жиын терім кезінде комбаин жүргізеді. Өзге де ауылшаруашылығы техникасының тілін жетік білетін маман жалғыз өзі. Бұзылса өзі жөндейді. Жас мамандар жоқ болғандықтан 20 жылдан бері осы кәсіпті атқарып келеді.

Берік Әлішеров, Механизатор:

Қазіргі жастардың бәрі қалаға ұмтылады ғой. Оқып, дипломын алғыннан кейін қалаға кетеді. Ауылда ондай мамандықтар жоқ шынын айтқан кезде. Жас балалардың бәрі техникаға отырғысы келмейді.

Мұндай қиындықты шаһардағы 3 мыңнан астам шаруа қожалығы бастан өткеріп отыр. Жыл өткен сайын тәжірибелі мамандар қатары азайып келеді. Мысалы, 250-дей ұсақ шаруаның басын біріктіріп отырған мына шаруашылық көктемгі егіс пен жиын-терім кезінде мехнизаторларды өзге елден әкелуге мәжбүр.

Манасбай Бекбауов, Шаруа қожалығының төрағасы:

Қызықтыру үшін айдаған гектарына сдельный қылып қойдық. 1,5-2 мыңнан төлейміз. Бір күнде К-700 30 гектар айдайтын болса, 50-60 мыңды бір-ақ күнде табады. Тамағы барлығы бізден. Былтыр техникаларды айдайтын адам жоқ, Өзбекстаннан ақшаға қызықтырып әкеп айдаттық.

Шымкент қаласында кәсіптік-техникалық білем беретін 39 оқу орны бар. Оның тек екеуі ғана ауыл шаруашылығына қажетті ветеринария, агрономия, эксковатор-машинст мамандығы бойынша маман оқытады. Алайда түлектердің үштен бірі оқу бітірген соң бұл салада еңбек етуді мақұл көрмейді.

Жанар Алтаева, Қалалық білім басқармасы техникалық және кәсіптік білім беру бөлімінің басшысы:

Шынын айту керек, бұл мамандықтардың айлық жалақысы төмен. Сондықтан бұл мамандықтарға жастардың келуі төмен. Жыл сайын 65-0-ке жуық ауылшаруашылығы мамандықтары бойынша тәмамдайды. 70 пайызы жұмысқа орналасады.

Мегаполис фермерлері маман тапшылығынан бөлек бүгінгі таңда салықтың көптігі, мемлекет жеңілдігін ала алмау секілді қиындықтарға кезігіп отыр. Соның салдарынан биыл егіс көлемі 500 гектарға азайған.

Ғани Қалмаханов

Хабарламаларға жазылу