Еуропа елдері осыдан үш жыл бұрын болған алапат су тасқынының зардабын әлі тартып отыр. Қарғын судан қираған жол-көпірлер, елді мекендер қалпына келтірілмеген. Тұрғындарға өтемақы толық төленбеген. Қарт құрлық елдерінде табиғи апаттан зардап шеккендердің шығынын сақтандыру компаниялары өтейді.
2021 жылы шілдеде Батыс Еуропа елдерінде орын алған алапат су тасқынынан бүтін қалалар, теміржолдар мен көлік жолдары тас-талқан болды. Германия, Бельгия, Австрия, Италия, Румынияда 300-ге жуық адам қаза тапты. Мыңдаған адам баспанасынан, бар жиған-тергенінен айырылды. Соның бірі Софи Гунберг.
Софи Гунберг, Айфель қаласының тұрғыны:
Сол апаттан екі баламмен аман қалғаныма шүкіршілік етемін. Жаңадан салынған үй болған соң, табиғи апаттан сақтандырып үлгермеп едік. Сол үшін сақтандыру компаниясынан өтемақы алмаймыз. Үкімет тек бір реттік жәрдемақы берді. Үйімді енді өзім қайта тұрғызуым керек.
Апаттан бері үш жыл өтсе де 60 жастағы Аннелис баспанасына оралмапты. Қарғын судан үйдің қабырғалары көгеріп, ағаштары шіріген. Күрделі жөндеу жасатуға қаражаты жоқ.
Аннелис Книф, Арвайлер ауданының тұрғыны:
Жағымсыз иіс қолқаны қабады. Ылғал кеппеген. Сақтандыру компаниясы өтемақының 20 пайызын ғана төледі. Су тасқынынан зардап шеккенімді көре тұра, дәлел талап етеді.
Өтемақыға өтініш беру онлайн болғандықтан сандық технологияның қыр-сырын білмейтін қарттарға қиындық туғызған. Қағазбастылық халықты әбден қажытқанын сарапшылар тобының өкілдері де мойындайды.
Фернандес Гарсиа, Сарапшылар тобының мүшесі
Мұнда өтемақыны сақтандыру компаниялары төлейді.Олар шығынды бағалау кезінде терезе, есік, еденге төлемейміз деп, дәлел-дәйек талап етіп, өтемақы мөлшерін барынша азайтуға тырысуда. Мүлкін сақтандырмағандарға ғана үкімет аз мөлшерде демеуқаржы береді.
Су тасқынынан Батыс Еуропа елдері 46 млрд еуро шығынға батты. Табиғи апаттан үш жыл өтсе де қираған үйлер, жолдар, елді-мекендер әлі күнге қалпына келтірілмеген. Қаржыдан бөлек, құрылыс жұмыстарын жүргізетін кәсіби маман тапшы. Биыл да жауын-шашынның көптігіне алаңдаған тұрғындар өзен-көлдердің жағасын өз күштерімен бекітуге кірісті.
Нұрсұлу Қасым