Ақмола облысында су шайып кеткен егіс алқаптары зерттеледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақмола облысында су шайып кеткен егіс алқаптары зерттеледі

03.05.2024

Қарғын су шайып кеткен егіс алқаптары түгел зерттеледі. Ауыл шаруашылығы министрлігі жанынан құрылған арнайы жұмыс тобы топырақтың құнарын тексереді. Тасқыннан залал келген шаруаларға өтемақы беру жағы да қарастырылып жатыр. Әзірге, ақмолалық диқандарға егін науқанын бастау оңайға түспей тұр. 

Ұмсындық Наурызбаева, Тілші:

Шаруалар көктемгі егіс науқанына дайындық жұмыстарын әлі де бастай алмай отыр. Себебі, алқапқа апаратын мынадай жолдарды қарғын су шайып кеткен. Техника мүлдем өте алмайды. Сондықтан, шаруалар мына жерлерге өздері құм төсеп, жолды қалпына келтіріп жатыр.

Биыл шаруалар ертерек қамданды. Себебі, қазір тасқынның әсерінен топырақтың бойында ылғал анағұрлым көп. Уақытында жауып үлгеру керек. Алайда, диқандардың дені техниканы жеткізе алмай отырғандықтан, алқаптағы жұмыс кешеуілдейтін сыңайлы.

Абылай Комбатуров, Шаруа:

Міне, мынау біздің грейдеріміз. Бұл жерді шайып кетті, Бұдан әрі қарай тағы екі жер бар. Тоже жол жоқ. Осыны біз екі-үш күнде үлгеруіміз керек. Сосын только жол болады. Сосын только күллі техника шығара аламыз. Мынаны жаппай жұмыс басталмайды.

Биылғы мол судың астықтың сапасына қалай әсер ететінін әзір нақты айту мүмкін емес. Ол үшін арнайы зерттеу жүргізу қажет. Яғни, алдымен тасқынға дейінгі топырақтың құнарлығын анықтап, өзара салыстыру керек дейді мамандар.

Бауыржан Есенжолов, Профессор:

Бұл су өзімен бірге топырақтың құрамындағы барлық минералды, қоректі заттарды шайып әкетеді. Енді биылғы жыл шаруалар үшін ауыр болайын деп отыр. Сонымен қатар климаттың өзгеруі жаздың құрғақ болуына әсер етеді.

Ал ауыл шаруашылығы министрлігі жанынан арнайы жұмыс тобы құрылды. Олар қарғын су шайып кеткен алқаптарда тексеру жұмыстарын бастайды. Соның негізінде кейін зардап шеккен диқандардың шығыны толық өтеледі. Өтемақыны белгілеудің қағидалары бекітіліп жатыр. Қазір ең бастысы топырақтың құнарлығын арттыру.

Ерсайын Досымбетов, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі егіншілік департаментінің бас сарапшысы:

Министрлікпен биылғы жылы былтырғы жылмен салыстырғанда екі есе дейміз ғой, бір жарым миллион тонна минералды тыңайтқыштарды енгізу жоспарлануда. Мысалы, биылғы жылы минералды тыңайтқыштарға 36 млрд теңге, пестицидтерге 32 млрд теңге бөлу жоспарлануда. Бұл аталған көлем олардың тыңайтқыштармен пестицидтермен қамтамасыз етуге толық мүмкіндік беріледі.

Мамыр айының екінші жартысында солтүстік өңірлдерде егіс науқаны қарқын алады. Қазгидометтің мәліметінше күн райы шаруаға қолайлы болмақ.

Ұмсындық Наурызбаева

Хабарламаларға жазылу