Жамбылдағы Құмжота ауылында оқушының соққыдан қайтыс болғанын ата-анасы бір тәуліктен кейін білген. Оған дейін мектеп директоры «ұлыңыздың жүрегі тоқтап қалды» деген. Марқұм болған бала мектептегі әлімжеттік жайлы әкесіне, ал әкесі директорға былтырдан бері ескерткен.
Мектептегі оқушы өлімі 30 сәуір күні таңғы ондар шамасында болған. Ата-аналардың айтуынша, 9-шы сыныптың оқушылары 8 оқитын ұлдарды даладағы дәретханаға кіргізіп, ұрған.
Данияр Әлімқұл, Тілші:
Әжетханадағы әлімжеттік соңы адам өлімімен аяқталды. 8-ші сынып оқушысы осы сырттағы дәретхана ішінде соққы алған. Қасында болған құрдастарының сөзінше, спортшы соққысынан Мирас жарты минутқа жетпей жан тапсырған.
Марқұмның анасы «топтасып ұрған 9-шы сынып оқушылары жаппай жазалансын», деп отыр.
Раушан Құдасова, Анасы:
Ақша жиналмаса 9 сынып балалары үй-үйіне апарады екен, үйінің тірлігін істетеді екен. +Ол ақша не мақсатта жиналады, қайда жиналады? Оны біз білмейміз. +2 бала ұрған, негізінде онда 9 сыныптың топ баласы болған. Мен бәрінің жазаланғанын қалаймын. + Бірінші экспертиза жүрегі ұстап қалған деп берді, екінші экспертиза АРТ үзіліп кеткен деді.
Ал сол сәтте мектеп медбикесі іс-сапарда болған. Мирастың әкесі әлімжеттік былтыр күзде басталған, - дейді. Ол жайлы директорға ескерткенін айтады.
Тоқтасын Орманов, Әкесі:
«Папа, маған 11-ші сыныптың балалалары қайта-қайта тиісіп қоймай жатыр» деп. Сосын директорға келіп айттым, «балама қысым көрсетіліп жатыр екен» деп. Директор айтты «болды, менің жауапкершілігімде болады, мен өзім жауап беремін өміріне» деді.
Мектептің ішіндегі әжетхана істен шыққан. Сондықтан оқушылар даладағы дәретханаға барып жүрген. Аудандық білім бөлімі бұл мәселеден хабардар болған. Бірақ, шұғыл шешім қабылданбаған.
Қанатбек Бәйтен, Мектеп директоры:
23 желтоқсаннан бастап мен 5 рет хат жаздым білім бөліміне осы әжетхана бойынша. 5 сәуір күні сыртқы әжетхананы ашуға мәжбүр болдым. Ұрған бала жайында ол спортқа қатысады, оның да анау айтқан артық қылығы байқалған емес.
Қазір осы оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалды. Кәмелетке толмаған күдікті қамауға алынған.
Гүлсара Мұхтарқұлова, Облыстық полиция департаментінің баспасөз хатшысы:
Мектеп басшылығы мен оқытушы құрамға қатысты балалардың денсаулығы мен өмірінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша міндеттерді тиісінше орындамағаны үшін қылмыстық іс қозғалды.
Қазір өңірдегі өзге мектептерде де әлімжеттікке қарсы күрес шаралары күшейтілді. Айта кетейік, Таразда осыдан 5 жыл бұрын оқушыны зорлау оқиғасынан кейін далада орналасқан дәретханалар жаппай жабылған еді. Қала әкімінен бастап білім басшыларына дейін қызметінен босатылған болатын.
Данияр Әлімқұл