Қызылордада заманауи стадионның құрылысы басталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылордада заманауи стадионның құрылысы басталды

02.05.2024

Қызылордада заманауи стадионның құрылысы басталды. Спорттық нысан УЕФА халықаралық ұйымының талаптарына сай салынады. Сыр жанкүйерлері көптен күткен футбол аренасының іргетасын қалау рәсіміне ел азаматтарымен бірге Қазақстан ұлттық құрамасының капитаны Асхат Тағыберген қатысып, көпшіліктің қуанышына ортақтасты.

Тәуелсіз еліміздің тарихында Астана, Түркістан қалаларынан кейін үшінші заманауи стадион Сыр өңірінде бой көтеріп жатыр. Сондықтан, бұл аймақ үшін айтулы оқиға. Ауқымды жобаның құрылысы екі жылға созылады. Оның сыйымдылығы 10 мың орынға лайықталып, трибуналары ағылшындық ареналардың үлгісіндей жасыл алаңға жақын орналасатын болады.

Нұрлыбек Нәлібаев, облыс әкімі:

Ғ.Мұратбаев атындағы Орталық стадионның салынғанына 60 жылға жуық уақыт болды. Стадион УЕФА талаптарына сәйкес келмейді. Сондықтан біздің сүйікті командамыз «Қайсардың» жанкүйерлерінің ұсынысымен жаңа стадион салуға шешім қабылдадық. Іргетасы қаланатын жаңа стадион Сыр спортына жаңа мүмкіндіктер мен жаңа жеңістер сыйлайды деп сенеміз.

Стадионның іргетасын қалау рәсіміне елге сыйлы азаматтар, футбол ардагерлері, «Қайсар» командасының ойыншылары қатысты. Сондай-ақ, Сыр футболының түлегі, Қазақстан ұлттық құрамасының капитаны Асхат Тағыберген де туған жерге арнайы келіп, тілеулестік білдіріп, жас аяқдопшыларды қуантты.

Асхат Тағыберген, Қазақстан Ұлттық құрамасының капитаны:

Еуропалық стандарттарға сай стадион ең бірінші өзімнің туған өлкем Қызылорда қаласында салынып жатқанына өте қуаныштымын. Болашақта жастарымыз Еуропада және де ұлттық құраманың басты рөлдегі ойыншылары болады деген ойдамыз. Жастар біздің болашағымыз.

Жалпы аймақта футболға деген айрықша қолдау бар. Бүгінде Сыр өңірінің үш бірдей командасы Қазақстан Премьер-лигасы, Бірінші және Екінші лигаларында өнер көрсетіп жатыр.

Әділбек Серікұлы


Хабарламаларға жазылу