Құлсары қаласында тасқыннан келген шығын толық өтеледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Құлсары қаласында тасқыннан келген шығын толық өтеледі

30.04.2024

Атырау облысы Құлсары қаласында тасқыннан келген шығын толық өтеледі. Бірақ әзірге нақты шығын көлемін айту қиын дейді аудан әкімі. Ал зардап шеккен кәсіпкерлік нысандар қалай қалпына келтіріледі? Толығырақ жағдайды әріптесім Нұрсұлтан Нұрсейіт тікелей байланыста баяндауға әзір.

 Нұрсұлтан Нұрсейіт, тілші:

Жылыой ауданында тұрғын-үйлерде қазіргі уақытта техникалық зерделеу және бағалау компаниялары жұмыс істеуде. Тасқын салдарынан Құлсарыда 10-ға жуық ықшам аудан зардап шекті. 200-ге жуық кәсіпкерлік нысан, 15 әкімшілік, әлеуметтік ғимарат бүлінді. 400-ге жуық малдың жоғалғаны тіркелген. Халықтың ауызбірлігінің арқасында 24 ықшам аудан тілсіз жаудан аман қалды. Нысандары су астында қалған кәсіпкерлерден өтінім қабылдау бүгін басталды. Оның тәртібі бөлек дейді жауаптылар. Ал құжаты жоқ үйлердің жағдайы не болмақ? Бұл сұраққа жауапты аудан әкімі Жұмабек Қаражановтан білдік.

Жұмабек Қаражанов, Жылыой ауданының әкімі:

Үкімет басшысы тапсырма берген болатын. Құжаттары болсын, болмасын қабылдап алсын деген. Біз олардың барлығын мына жеке төлқұжаты негізінде қолындағы бар құжаттарымен қабылдап жатырмыз. Ол жерде ешқандай мәселе жоқ.

Эвакуацияланған тұрғындар кері оралып жатыр

Нұрсұлтан Нұрсейіт, тілші:

Жылыойдан 36 мыңға жуық адам эвакуацияланса оның 12 мыңы үйіне кері оралған. Соңғы мәліметтерге сәйкес, Маңғыстау облысында эвакуациялық пункттерде жатқан азаматтардың саны 1800. Теңіз қалашығында 600-ге жуық жылыойлық бар. Құлсары қаласындағы эвакопунктте барлығы 170 адам орналасқан.

Нұрсұлтан Нұрсейіт


Хабарламаларға жазылу