6 мамырдан бастап көлік жүргізушілер жаңа ережемен жүреді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

6 мамырдан бастап көлік жүргізушілер жаңа ережемен жүреді

29.04.2024

Енді біржолақты жолда, көлікті басып озғандарға жаза қатаңдатылды. Олар бұрынғыдай айыппұлмен құтылмайды. Жарты жылға дейін жүргізуші куәлігінен айырылады. 6 мамырдан бастап, көлік қозғалысында тағы не өзгереді? Жүргізушілер нені білуі тиіс? 

Самал Қабышева, Тілші:

Көлік жүргізушілерін мазалаған бағдаршамның сары түсі. Сонымен, сары түске өтеміз бе, жоқ па? Міне, дәл қазір сары түс жанды. Бұрынғыдай, сары түс жанғанда тоқтаймыз. Ал, жаңашылық неде? Маман былай деп жауап берді.

Ақтоты Боранова, ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы:

Яғни, жасыл түс рұқсат беру түсі болып есептелінеді. Ал, сары түс жүруге тыйым салынатын белгі. Бұған дейін де бар тұғын ол норма. Бұдан кейін де болады. Біздің пилоттық жоба ретінде қосқанымыз тек Астана қаласында бұны цифрландырдық. Яғни, автоматтандырдық.

Яғни, бұған дейін бағдаршамның сары түсіне өткендер полицияның көзіне түссе ғана айыппұл төлейтін. Енді, цифрлық жүйеге сәйкес, жол ережелерін бұзушыларды сергек камерасы анықтайды. Бағдаршамның сары түсіне өткендер айыппұл төлейді. Елордалық жүргізушілерге айыппұл келіп жатыр.

Сондай-ақ, жаңа ережеге сәйкес енді бір жолақты жолда көлікті басып озғандар жарты жылға дейін жүргізуші куәлігінен айырылады. Бір жолақты жол дегеніміз – сіздің және қарама-қарсы бағытта жүретін көліктің жолы. Осы сәтте, сіздің алдыңызда келе жатқан көлікті озып кетуге болмайды. Бұлай істесеңіз 6 айға көлік жүргізуші куәлігінен айырыласыз.

Сондай-ақ, енді қоғамдық көлік жүретін арнайы жолақта енді автобус қана жүрмейді. Жолаушылар орындығының саны 8-ден жоғары болған көліктерге де рұқсат беріледі. Жол қозғалысына қатысты өзгерістер енгізілген бұл қаулы 6 мамырда күшіне енеді.

Самал Қабышева

Хабарламаларға жазылу