Қостанай облысында малы шығын болған тұрғындарға өтемақы беріліп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қостанай облысында малы шығын болған тұрғындарға өтемақы беріліп жатыр

29.04.2024

Қостанай облысындағы Амангелді ауданында әлі 2 ауылда жол, 6 ауылда жарық жоқ. Қатынасты қалпына келтіріп, электр қуатын беруге далаға жайылған су мүмкіндік бермей тұр. Ал құрғаған жердің бәрінде тасқынның зардабын жою жұмыстары жүріп жатыр.

Топан су бірнеше елді-мекенді байланыстырып тұрған жолдарды тас талқан етті. Соның бірі Амангелді-Үрпек бағыты. Тасқын басылғасын оны уақытша болса да жамап – жасқап көлік жүретіндей етіп қойған. Ауданда тасқыннан зардап шеккен 282 адамнан өтініш түсіп, оларға 100 млн теңге көлемінде бір реттік әлеуметтік жәрдемақы төленген. Малы шығын болғандарға да өтемақы беріле бастапты.

Жансая Тоққұлина, Шаруа қожалығының жетекшісі:

65 сиыр суға кетті. Жаңа туған төлдер де бар. Бірінші өтемақыны алдық. 6 млн теңге түсті.

Бірақ бұл сома құжаты түгел, өлексесі бар малға ғана төленген. «Барлық мал шығыны 25 млн теңгедей болады» дейді шаруа. Аудан бойынша 161 үйге су кіріпті. Қазіргі таңда соның 40 шақтысы қалпына келмейтіні анықталған.

Руслан Байділдин, Амангелді ауданының тұрғыны:

Үйге қатысты қиындықтар бар. Нақты ешкім ештеңе айтпайды. Аудандық құрылыс бөлімі ауыл әкіміне жібереді. Ауыл әкімі қайтадан соларға.

Аудан басшылары нақытылықтың болмауын комиссия жұмысы әлі жүріп жатқандығымен түсіндіреді. Шығынды анықтау мен бағалау бірнеше кезеңнен тұрады. Содан соң ғана иесімен келісе отырып әр үйге қатысты жеке шешім шығарылады.

Талғат Кәрбозов, Амангелді ауданының әкімі:

Қиындық үйді рәсімдеуде бар. Үйі бар, бірақ өз атында емес мсалы. Соның бәрін сот арқылы қалпына клетіруге, көмектесуге тырысамыз.

Облыста құрылған қоғамдық штаб өкілдері тұрғындармен кездесіп олардың талап тілектерін тыңдайды. Осындай түйткілдерге қатысты кеңес береді. Заң талаптарына сай өтініш берудің жөн-жосығын көрсетеді. Ауданда 400-ге жуық ерікті жұмыс істеп жатыр. Олар тасқыннан зардап шеккендерді керек-жарақпен қамтиды. Баспанасы жарамсыз күйге түскен 56 отбасы қазір осы еріктілер тігіп берген киіз үйлерде тұрып жатыр.

Дәуренбек Әбдібек


Хабарламаларға жазылу