Сақтандыру керек: Алайда кілтипан бар - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сақтандыру керек: Алайда кілтипан бар

28.04.2024

Су тасқыны көп нәрсені «жалаңаштады». Бірсыпырасына тоқталдық. Бұл жолы сақтандыру мәселесін қаузаймыз.

Баспана мен мал-мүлікті. Елімізде осы екі позицияны сақтандырудың деңгейі қандай? Мысалы, мың адамның қаншаса солай істейді? Ондай дәстүр дейміз бе, мәдениет дейміз бе – қалыптасып жатыр ма? Оларды сақтандыру жарнасы қанша тұрады? Шығынға ұшыраған жағдайда қалай өтеледі? Біздегі және әлем елдеріндегі практика қандай? Данияр Қайыртай сараптайды.

Бұл – Қызылжар ауданындағы инкубаторийде қауызын енді жарып шыққан бройлер балапандары Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Қостанай облыстарындағы құс фабрикаларына жөнелтілген күн.

Ал мынау ертеңінде түсірілген видео. Инкубатор үйін топан су басып қалған кез. Сол сәтте кәсіпорында 270 мың жұмыртқа болыпты. Олардың жалпы құны – 60 млн тг. Қазір иелері мемлекеттен өтемақы алу үшін құжат жинап жүр.

Михаил Третьяков, «Инкубаторий» ЖШС өкілі:

Қарғын су жайылып бара жатқанын білдік. Алайда ол кезде жұмыртқалар инкубация шкафтарында болды да біз процесті тоқтата алмадық. Себебі температурада сәл ауытқу болса, жұмыртқаның ішіндегі эмбрион өліп қалады. Бұл бізге сабақ болды. Енді осындай оқыс оқиғалардан сақтану қамына шындап кіріспекпіз.

Мемлекеттен өтемақы алудың машақатын сол ауданда тұратын тағы бір шаруа Жаңалық Салғарин жақсы біледі. Жеті жыл бұрын 2 мың бас қазы құс тұмауынан қырылғанда әкімдік 780 басқа ғана өтемақы төлепті. Қалғаны да аурудан өлгенін қағаз жүзінде дәлелдей алмадық, дейді. Сол тәжірибесі де, осы су тасқыны да оны сақтандыру компанияларының қызметіне жүгінуге итермелеп отырған көрінеді.

Жаңалық Салғарин, Қызылжар ауданының тұрғыны:

Мен сақтандыру жұмысымен биыл, міне, айналысайын деп отырмын. Бірақ ол үшін ИП ашу керек, машақаты көп. 80 пайызын төлеп отырса, өте тиімді.

Екі жылдан бері фермерлер үшін сақтандыру құнының 80 пайызын мемлекет субсидиялайды. Ал оның алдында тең жартысын бюджет жауып беретін. Бұл шаруалардың төрт түлікті сақтандыруға деген ынтасын аз да болсын арттырған сияқты. Жаңа агросақтандыру жүйесі іске қосылған 2020 жылы ел бойынша тек 2 мың бас қара мал сақтандырылса, былтыр 10 жарым мыңға жуық сиырға сақтандыру полисі сатып алынған. Ал жалпы кейінгі төрт жылда 42 мыңнан астам ірі қара, 5 мың бас ұсақ мал, 3 мың бас жылқы, 13 мың бас шошқа және 9,5 млн бас құс сақтандырылыпты. Оның бәрін субсидиялауға бюджеттен 6 млрд теңгеге жуық қаражат бөлінген.

Әлия Ахметова, Агросақтандыру қауымдастығының коммерциялық директоры:

Өтінім беру, келісімшартқа қол қою процедуралары Qalqan.kezekte.kz сервисі арқылы онлайн жүргізіледі. Ал тарифіне келсек, мысалы, бір ірі қара малдың бағасы 500 мың тг деп алсақ, оны сақтандыру ақысы субсидияны есепке алғанда 2310 тг ғана болады. Полис мерзімі 1 жылға жетеді.

Ринат Кемешов, Аграрлық несие корпорациясының кепілзатпен қамтамасыз ету департаментінің директоры:

Түрлі жағдайлардан: апаттардан, су тасқынынан, табиғи апаттардан, өрттен және ұрлықтан сақтандыруға, жұқпалы және аса қауіпті аурулардан, жазатайым оқиғалардан сақтандырады. Осының барлығы сақтандыру шартымен көзделген.

Аграрлық несие корпорациясының дерегінше, осы күнге дейін сақтандырылған малдың өлуіне байланысты компаниялар 62 млн тг өтемақы төлепті. Былтыр тіркелген екі жағдайдың мән-жайын Агросақтандыру қауымдастығынан білдік. Мысалы, Павлодар облысындағы қожалықта 56 бас ірі қара уланып өлгенде сақтандыру компаниялары өтемақы ретінде 33 млн тг төлепті. Ал бірнеше малы қолды болған шаруаға сақтандыру компаниялары 23 млн тг шығынын өтеп берген. Осы жолғы селде 245 ірі қара малын сақтандырған бір фермердің 90 бас сиыры суға батып кеткен. Қазір шығын көлемі есептеліп жатыр.

Әлия Ахметова, Агросақтандыру қауымдастығының коммерциялық директоры:

Өтемақы төлегенде франшиза құны шегеріледі. Ал франшиза малдың басына байланысты есептеледі. Мысалы, сақтандырылған мал саны 99-дан аспаса, онда франшиза құны 1 бас малдың орташа бағасына тең. Яғни 5 бас өлсе, 4-еуіне ғана төленеді деген сөз. Ал 99 бастан көп мал сақтандырылса, онда франшиза құны 2 пайыз ғана болады. Яғни шығынның осынша пайызы өтелмейді.

Әрине, сақтандырылатын малға қойылатын талап та бар. Базада тіркелмеген мал сақтандырылмайтыны түсінікті. Карантинде тұрған малды да сақтандыру компаниялары қабылдамайды. Сонымен қатар:

Ринат Кемешов, Аграрлық несие корпорациясының кепілзатпен қамтамасыз ету департаментінің директоры:

Ірі қара 10 бастан кем емес болуы керек және ұсақ мал 30 бастан кем емес болуы керек. Малдың жасы 2 жасқа толған болуы тиіс және құстар 40 күнге сәйкес болуы тиіс. Содан кейін ғана барып сақтандырылады.

Әйтсе де, елімізде сақтандыруға жататын мал мен құстың жалпы санынан тек 4,5 пайызы ғана сақтандырылғанын ескерсек, нарық қаншалық кенжелеп жатқанын аңғару қиын емес. Себебі оған шаруалардың аса құлқы да жоқ. Субсидияға қарамастан.

Азамат Сағындықов, Qazaq aqbas республикалық палатасының мүшесі:

Сақтандыру қымбатқа түседі. Қазіргі нарықта еттің бағасы көтерілмей тұр, көріп тұрсыз ғой. Шаруаның көзі ғой, етті сатып, пайдасын көру. Ал етті шығаруға қаншама шығын бар, техника болсын, жанармай болсын, төлемақысы болсын жұмыскерлерге, оның бәрі әлдеқайда көтерілді. Оның үстіне енді сақтандыру қосылса, оны ешқандай шаруа тарта алмайды.

Осындайда шет ел тәжірибесіне елеңдеп қалатынымыз бар...

Бауыржан Ысқақов, экономист:

Ол жерлерде тіпті қорадағы есіктің өзінің құлап қалуынан сақтандыру, дәрежесі көтерілген. Оның ішіндегі мал емес, қорасы емес. Яғни мүмкін болатын жағдайдың бәрінен сақтандырып тастаған. Өйткені ол жерде ашықтық бар, сақтандыру компанияларының өтемақы дәрежесі өте жоғары, пайыздары өте жоғары және сақтандыру компанияларының қаражаттары экономикаға жұмыс жасайды.

Мамандар қысылтаяң шақта бюджет пен кәсіпкерлерден жиналатын қаражатқа қарап қалмас үшін сақтандыру сияқты нарықтық құралды жылжымайтын мүлік саласында да кеңінен пайдалануды ұсынады. Мысалы, қазіргі есеп бойынша су шайып кеткен үйлерді қалпына келтіріп, жаңасын салу үшін 200 млрд тг қажет.

Еліміздегі 2 млн-нан астам жер үй мен 6 млн-ға жуық пәтердің нешеуі сақтандырылғанын анықтау қиын. Әрі жылжымайтын мүлік көбіне несие алғанда кепілзат ретінде қойылатындықтан банк талабы бойынша мәжбүрлі түрде сақтандырылады.

Рамазан Асылов, Jusan garant сақтандыру компаниясы басқарма төрағасының бірінші орынбасары:

Мысалы, сіз ипотека алсаңыз, банк сізді мәжбүрлейді сақтандыруға. Жалпы ерікті түрде сақтандыратын азаматтар бізде өкінішке орай аздау. Алматыда, Астанада, Атырауда – осы өңірлерде шаршы метрдің де көбірек енгізілуіне байланысты, яғни банктік ипотекалардың көбірек берілуіне байланысты, осы өңірлерде сақтандыру сәл өскен.

Су астында қалған үйлердің де қаншасы сақтандырылғаны белгісіз. Мысалы, осы Рамазан Асылов қызмет ететін компания арқылы 21 мыңнан астам жылжымайтын мүлік сақтандырылса, соның 8-ін су басып қалғаны анықталып отыр.

Рамазан Асылов, Jusan garant сақтандыру компаниясы басқарма төрағасының бірінші орынбасары:

Оның 4-еуі Солтүстік Қазақстан бойынша жер үйлер, біреуі – Құлсарыда, біреуі – Ақтөбе облысында және екі нысан – Батыс Қазақстан облысында. Бірақ олардың залал мөлшерін анықтау қиын болып жатыр. Өйткені кейбір өңірлерге құзырлы органдар жібермей отыр.

Ал Қостанай маңындағы Алтынсарин ауылының тұрғыны Жаңабай Теңгебаев 20 жыл тұрған үйін сақтандыруды ойламапты да. Өкімет қалпына келтіріп береді деп сеніп отыр.

Жаңабай Теңгебаев, Алтынсарин ауылының тұрғыны:

Дәл бұлай болады деп ойлаған жоқпыз ғой, көшіп келгелі бірінші рет болып тұр. Апат болсын-болмасын, сақтандырған дұрыс деп ойлаймын, дүние-мүлікті, үйді.

Атыраулық Бибінұр Юсупова болса, тұратын үйі түгіл, иелігіндегі мектеп ғимаратын да сақтандырып қойған.

Бибінұр Юсупова, жеке меншік мектеп иесі:

Әртүрлі жағдайлар қарастырылған. Ол табиғи апаттар, оның ішінде су тасқыны да бар, өрт те бар, я болмаса ұрлық та бар. Ондай жағдайлар болып көрген жоқ. Болмай-ақ қойсын да. Мәселе болғанында емес, әрбір адам алды-артын ойлау мақсатында сақтандыру жасаймыз.

Мұндай пікірдегі адамдар өте аз. Оның үстіне еліміздегі тұрғын үй қорының күйі де келіңкіремейді. Кей сарапшылардың есебінше, Қазақстандағы жылжымайтын мүліктің 70 пайызы сақтандыруға жарамайды.

Рамазан Асылов, Jusan garant сақтандыру компаниясы басқарма төрағасының бірінші орынбасары:

Егер үй 1960 жылға дейін соғылған болса, апаттық күйде болатын болса немесе енгізілмеген үйлер болса, қаңқалы қамыстан салынған үй болса, топырақтан және ағаштан соғылатын үйлер болса, оларды сақтандыруға алмаймыз. Немесе жаңадан соғылған үй болғанымен, бірақ апаттық, кішкене қиындау жерде соғылатын болса, таудың етегі деген сияқты, ол үйлерді де ала бермейміз.

Сонда да ерікті сақтандыруға жататын тұрғын үй нарығын автосақтандыру сияқты міндетті санатқа көшіру мәселесі ара-тұра талқыланып қалады. Әсіресе, осындай апаттар кезінде.

Жер сілкінісі көп болатын Түркия тәжірибесі жиі мысалға келтіріледі.

Бұл елде жылына бір рет төленетін мемлекеттік сақтандыру тарифі әр қалада әртүрлі. Мәселен, Ыстамбұлда тұратын Байрам Авунч 22 жыл бұрын салынған үйдегі 4 бөлмелі пәтері үшін жылына, шамамен, 50 мың тг төлейді. Оқыс жағдайда өтемақы да үйдің аумағы мен салынған жылына қарай төленеді.

Байрам Авунч, Ыстамбұл қаласының тұрғыны:

Жер сілкінісіне қарсы сақтандыруды төлемесеңіз мемлекет үйдің құжаттарын бермейді. Тіпті су, жарық, газыңызды да қостыра алмайсыз. Сақтандыру құны қымбат емес. Әрі жылына бір рет қана төлейсіз. Ыстамбұлда өтемақы да жоғары. Үй бұзылса, шамамен, мемлекеттік сақтандыру есебінен 40 мың доллар төленеді. Ол жетпесе, қалған бөлігін жекеменшік сақтандыру компаниясы арқылы өтеп алуға болады.

Мұндай модельге біздің мемлекеттік орган да қызығып отырған сияқты. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі бізге жолдаған жазбаша жауабында мүлікті апаттардан сақтандыру тетігін енгізу үшін былтырдан бері халықаралық тәжірибені зерттеп жатқанын мәлімдеді. Әрі жыл соңына дейін бір шешімге келетінін жеткізді.

«Халықаралық тәжірибені зерттеу кезінде апаттан сақтандырудың ең сәтті модельдері мемлекет пен жекеменшік әріптестік негізінде жасалатынын байқадық. Себебі мұндай қатерден келетін шығын көп. Ал сол шығынды өтеу үшін бұл модель бойынша арнаулы мемлекеттік қор құрылады».

ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің баспасөз қызметі

Бауыржан Ысқақов, экономист:

Сақтандыру жүйесін жетілдіру керек және ол міндеттілердің қатарына жатуы керек. Яғни біз мемлекеттің бюджетіне арқа сүйемей, керісінше, біз өзіміздің мәдениетімізді, қаржылық сауатымызды арттыра отырып, біз сол ресми түрде салған қаражатымыздың өтемін сақтандыру компанияларынан алуымыз керек.

Алайда мәселе қаржылық сауатқа ғана емес, халықтың әл-ауқатына да барып тірелетіні түсінікті.

Данияр Қайыртай


Хабарламаларға жазылу