Жамбыл облысында су қоймалары тола бастады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жамбыл облысында су қоймалары тола бастады

27.04.2024

Жамбылда ең үлкен су қоймаларының толу деңгейі 100 пайызға жетіп тұр. Олардың қатарында Тасөткел, Теріс-Ащыбұлақ, Қақпатас, Қарақоңыз және Ынталы су қоймасы бар. Ал бөгеттер бұзылған жағдайда 70-тен аса елді мекенді су басуы мүмкін. Сондықтан жауаптылар қауіптің алдын алу үшін су сақтағыштардан артық көлемді ағызу керек деп дабыл қағып отыр.

Жуалыдағы Теріс-Ащыбұлақ су қоймасы 98%-ға толып тұр. 144 млн текше метр су жатыр. Кешегі жаңбырдан қоймаға сай-саладан секундына 34 текше метр су бір тәулік бойы тоқтамай келген. Салдарынан айдынның суы автожолға дейін жайылған. Ал таудан аққан ағын жоласты құбырын бұзып өтті.

Терісащыбұлақтың суы Аса өзені арқылы Жамбыл ауданына барады. Ал өзенді бойлай қонған Бәйтерек ауылы тұрғындарынан маза қашқан. Өйткені қоймадағы артық көлемді суды екі есе ағызып жатыр. 6 жыл бұрын бірнеше аулаға су кіргендіктен қауіп қайталана ма деп қорқады.

Құрманбек Есімбеков, ауыл тұрғыны:

Жылға-жылға болып ауылға жақындап келе жатыр. Жырылып жатыр. Келіп жатыр. Сондықтан болса бізге осындай тасқын суға қорған болатындай арна жасап берсін.

Қырғыздың Күркіреу су өзені де Асаға кеп құяды. Биыл екі елде де жауын-шанын мөлшері көбейіп, қар жамылғылары да еріп жатыр. Сондықтан өзендер өткел бермей тұр.

Данияр Әлімқұл, тілші:

Судың басында отырған Бәйтеректен бөлек, тағы 10 ауыл осы өзенді жағалай жатыр. Қазір Асаның асау ағынымен секундына 40 текше метр су ағып жатыр. Жауаптылар 50-ге дейін көтерсе де елді мекендерге еш қауіп жоқ деп сендіреді.

Ал өңір бойынша жеті ірі су қоймасы бар. Бүгінде Тасөткел мен Ынталы 95, Қақпатас пен Қарақоңыз 99 пайызға толған.

Дархан Жапаров, облыстық ТЖД басқармасы бастығының міндетін атқарушы:

Бүгінгі таңда су қоймаларына су жинамау бойынша ескерту ұсыныс хаттар жолданған болатын. Су қоймасына келіп жатқан су көлемін дәл сол су көлемін олар өзенге лақтыруда. Яғни олар бүгінгі таңда транзиттік режимде тұр.

«Қазсушар» мекемесі болса былтырғы құрғақшылықтан қорқып қалған. Сондықтан сақтық шараларын сақтап қоймаларға су жинауға басымдық беріп отыр. Олар 50-60 млн текше метр су жинап жүрген Ақкөлді Асаның суы арқылы 200-ге жеткізіп алмақ.

Данияр Әлімқұл


Хабарламаларға жазылу