Қостанай облысында қоғамдық штаб мүшелері тұрғындармен кездесті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қостанай облысында қоғамдық штаб мүшелері тұрғындармен кездесті

26.04.2024

Қостанай облысының Жангелдин ауданындағы 13 елдімекенде әлі жарық жоқ. Жер үсті қатынасы да үзілген. Қазір мұнда керек-жарақтың бәрі тікұшақпен жеткізіліп жатыр. Тасқынның салдарынан аралда қалған ауылдарға қоғамдық штаб мүшелері де барып, жергілікті жұртпен кездесіп, олардың мұң-мұқтажын тыңдады. Тілші репортажы.

Бұл гуманитарлық көмек тиелген тікұшақпен қоғамдық штаб мүшелерінің Ақкөл және Ахмет Байтұрсынұлы ауылдарына ұшып шыққан сәті. Екі елді-мекенде бір айдан бері жарық пен жол жоқ. Интернет желісі жақында ғана қалпына келтірілді. Байланысты қосу үшін электр қуатын өндіретін автономды шағын станциялар жеткізілген. Азық-түлік, басқа да қажетті заттар тікұшақпен тоқтаусыз тасымалданып жатыр.

Әбсалық Жақсымбеков, А.Байтұрсынұлы ауылының тұрғыны:

Мемлекеттің беріп жатқан қамқорлығына қанағаттанамыз. Өйткені не қажеттімізді сұрасақ, соны әкеп беріп тұр. Таршылық көрген жоқпыз. Ауылымыз аман. Суға кеткен ештеңеміз жоқ. Мал-жанымыз түгел аман.

Мырзахан Құдабаев, Ақкөл ауылының тұрғыны:

Көп жылдан болмаған тасқын болып ауылды қоршап кетті. Ауылдың азаматтарының арқасында су басудан аман қалдық. Жол қатынасы, жарық, байланыстың болмауына байланысты қиындықтар бар бірақ.

Облыс бойынша 52 мүшесі бар қоғамдық штаб Жангелдин, Амангелді, Қостанай аудандары мен Арқалық және Қостанай қалаларында құрылған. Олар бірнеше күн жүріп тасқыннан зардап шеккен елді-мекендердің тұрғындарымен кездесіп, ұсыныс-тілектерін тыңдады. Жарық сөнгесін ауылдарда ауыз су мәселесі қиындаған. Білім беру жүйесі мен банктер алдындағы несиесін уақтылы өтеуде де түйткілдер бар.

Батырбек Ахметов, облыстық қоғамдық штабтың төрағасы:

Ең қиын жағдай Жангелдин ауданында. 13 ауылда әлі жарық пен жол жоқ. Сондағы халықпен кездесіп, мұның бәрі уақытша жағдай, жұмыс кезең-кезеңімен жүзеге асатынын түсіндіріп жатырмыз.

Жақында Қызбел ауылына жарық берілді. Басқа елдімекендерде құлаған бағандар әлі су ортасында жатқандықтан электр желісін қалпына келтіру мүмкін болмай тұр. Жолға байланысты жағдай да осылай. Қазір Жангелдин ауданын өзге өңірлермен байланыстыратын Арқалық-Торғай тас жолы жөнделіп жатыр. Жалпы облыста 672 үйге су кірген. Оның 300-ден астамы қалпына келтіруге жарамайды.

Дәуренбек Әбдібек


Хабарламаларға жазылу