Солтүстік Қазақстандағы Прибрежное елдімекені 12 сәуірден бері судың ортасында тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Солтүстік Қазақстандағы Прибрежное елдімекені 12 сәуірден бері судың ортасында тұр

26.04.2024

Аралда қалған ауыл. Солтүстік Қазақстан облысы Қызылжар ауданындағы Прибрежное елді мекені 12 сәуірден бері судың ортасында тұр. Тасқын басталғанда тұрғындардың басым бөлігі үйлерін тастап кетуге мәжбүр болды. Ал кейбірі баспаналарын қимай қалып қойған. Оларға азық-түлік күнделікті қайықпен тасымалданып беріледі. Аралдағы ауылдың ахуалымен теріскейдегі тілшіміз Эльмира Кәленова танысып қайтты.

Эльмира Кәленова, тілші:

Су құрсауында қалған ауылда 500-ден астам үй бар. Оның 500-ге жуығын су басып қалды. Тұрғындар сыртқа қайықпен ғана қатынай алады. Күнделікті осындай 5-6 қайық кезекшілік атқарады.

Айдар Шорманов, құтқарушы:

Қарағанды қаласынан келгем. Бір жыл бұрын жер сілкінісінде болдым, Түркияда. Көбісі адамдарды, одан кейін гуманитарный көмек өткіземіз. Жұмысымыз өте оңай деп айта алмаймын.

Эльмира Кәленова, тілші:

Ауылда 1800-ден артық адам тұрып жатыр. 11-ші сәуір күні олардың 70 пайызы эвакуацияланды. Ал ертеңінде үйлерді су басып қалды. Тасқыннан зардап шеккендердің қатарында мына екіқабатты үйдің қожайыны Қамар Қуанышбайқызы да бар. Қамар Қуанышбайқызы, су деңгейі қаншалықты биік болды, қазір төмендеп жатқаны аңғарыла ма?

Қамар Есқұлова, Прибрежное ауылының тұрығыны:

Осындай тасқын болады деп ойламадық. Судың алдын алады деп елдің азаматтары, балалар, әйел адамдар, барлығы қаптарды қаптап, төтеп береміз деп ойладық. Бірақ, табиғатқа қарсы шыға алмадық.

Эльмира Кәленова, тілші:

Мына үй 18-ші сәуірден бері суда тұр. қоқыс, құрылыс материалдарының барлығы қалқып жүр. Қазір үйге кіріп, үйдің жағдайын көреміз.

Судың міне, шашамен 1,5 метрге дейін көтерілгенін аңғаруға болады. Мынау қазір түскендегісі. Өздеріңіз көріп тұрғандай, жиһаз, тұрмыстық техниканың ешқайсысы қайтадан пайдалануға жарамайды.

Мұрат Жакин, Прибрежное ауылының тұрғыны:

Туысымыз қайтып, батада болдық. Келгенше малды только успеть еттік, қой мен жылқыны шығарып. Басқасы күллі, тауық бәрі суға кетті. Қалғаны осы. Міне каждый день келіп жүрміз міне, су тұр. Үйден кетпейді.

Эльмира Кәленова, тілші:

Елді мекеннің басым бөлігінде жарық жоқ. Өйткені электр бағандарын мұз көшкіні құлатып кеткен. Әзірге оны жөндеу мүмкін емес. Мынадай бірнеше электр генераторы орнатылған. Жарық кестемен ғана беріледі.

Жанат Елеусізов, Қызылжар аудандық мәслихатының төрағасы:

Уақытымен жағылудың себебі -сөткесіне, үнемдеп жаққаның өзінде 500 литрге жақын соляр кетіріп отыр. Үш көшеміз әлі суда тұр. Оларға біз жарық бере алмаймыз. Екінші толқынмен тағы да көшелеріміз қайта суға толып жатыр. Сондықтан мынау су тартылғаннан бастап, біз тағы да басқа көшелерді қосамыз деп отырмыз.

Бұл судың ені 105 шақырым, тереңдігі 3 метр, ал ұзындығына көз жетпейді. Жалпы 29 наурыздан бері облыста 14 мың адам үйлерін тастап кетуге мәжбүр болды. Қазір олар эвакуациялық пункттер мен туған-туысқандарының үйін паналап жүр.

Эльмира Кәленова


Хабарламаларға жазылу