Оралда бір реттік көмек алуға 5 мыңнан астам адамның өтініші қабылданған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Оралда бір реттік көмек алуға 5 мыңнан астам адамның өтініші қабылданған

26.04.2024

Бірреттік әлеуметтік көмек бойынша Орал қаласында 5500-ден астам адамның өтініші қабылданған. Сондай-ақ мүлкіне залал келген тұрғындар өтемақы алу үшін құжат тапсырып жатыр. Зардап шеккен халықтың көкейіндегі мәселе жөнінде толығырақ аймақта жүрген тілшіміз Нұрсұлтан Тілектестен сұрасақ. Нұрсұлтан, бірретік әлеуметтік көмекті алу мерзімі қандай? Жалпы, өңірдегі қысқаша ахуалға тоқталсаң.

Нұрсұлтан Тілектес, тілші:

Алдымен, өңірдегі қазіргі жағдайды айтып кетейін. Жайықтың да Шаған өзенінің де деңгейі күн санап төмендеп келеді. Сондықтан болса керек жан-жақтан келген 900-ге жуық құтқарушы мен сарбаздың біразы үйлеріне қайтты, қалғаны Атырауға көмекке жіберілді. Айта кету керек, тасқын қаупі төнгелі аймақта қауіпті участкелерге 140 шақырымдық бөгет салынды. Соның арқасында елдімекендер мен Орал қаласы тасқыннан аман қалды. Ал тасқыннан зардап шеккендерге бір реттік әлеуметтік төлем мен өтемақы беру үшін өтініш қабылдау әлі жүріп жатыр. Орталыққа барғанда байқағанымыз мемлекеттен көмек алғысы келетіндер өте көп. Ғимаратқа сыймағандарын мамандар көшеде қабылдап жатыр. Біз тұрғындармен тілдескен едік, көбісі жалғыз баспанасынан айырылғандар.

Мирас Есқалиев, «Ардагер» бау-бақша қауымдастығының тұрғыны:

Төтенше жағдай болғасын Үкіметтен қаражат бөліп жатыр. Соған енді сенеміз. Құжат тапсырайын деп жатырмыз бір ретік көмекке. Екі арыз қабылдап жатыр. Екінші арызбен комиисия келіп, үйді қарайды, тексереді. Басқа үйіміз жоқ, сол бір жалғыз үй.

Нұрсұлтан Тілектес, тілші:

5 сәуірде жұмысын бастаған бұл орталық осы кезге дейін 5500-ден астам адаманың өтінішін қабылдапты. Бұған дейін айтқан едік қала маңындағы 100-ден астам саяжай суға кетті. Тиісінше шағымданып жатқан тұрғындар саны көп. Сондықтан қазір қалада осындай 5 орталық жұмыс істеп тұр. Мамандарын жазып алған едік. Назар салайық.

Маранна Әбдешева, «Тең қоғам» әлеуметтік орталығының қызметкері:

Мұнда бүкіл құжаттарды заңгер маман тексеріп береді. Қай құжаты керек, қайсысы керек емес. Осы жерден көшірмесін жасап беретін қыздарымыз отырады. Банк шоттарын шығарып беретін маман отырады. Халықты біз ешқайда жұмсап жатқан жоқпыз. Барлық жағдай жасалған.)

Бір реттік жәрдемақыны алу бір айға дейін созылуы мүмкін деп жатыр мамандар. Ресми ақпараттарға сүйенсек облыста тасқын салдарынан 1300-ге жуық үйге залал келген, 2300-ден астам мал қырылған. Оның өтемақысы келер апта төлене бастайды. Ал, қыркүйекке дейін баспанасыз қалғандардың барлығына жаңа үй салынуы тиіс..

Нұрсұлтан Тілектес


Хабарламаларға жазылу