Ақтөбелік жастар баспанасы суға кеткен қарияға көмекке келді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбелік жастар баспанасы суға кеткен қарияға көмекке келді

26.04.2024

Ақтөбелік жастар үйлері суға кеткен еңбек ардагерлеріне барып, аулалары мен баспаналарын тазартуға көмектесті.

Шығанақ Берсиев атындағы жоғары аграрлық-техникалық колледжінің 20 студенті бүгін Сақтаған Шаймұхановтың үйіне келді. Еңбек ардагерінің баспанасы Қарғалы өзенінің жағасында орналасқан. Су тасыған кезде көлігі мен тұрмыстық бұйымдарын қауіпсіз жерге шығарып үлгермеген. «Жасыл ел» жасағының мүшелері барлық дүние-мүлікті тысқа шығарып, баспананың ішін жинауға қолғабыс етіп жатыр.

Сақтаған Шаймұханов, еңбек ардагері:

«Звондап, қиындық көрген адамның бірі екенсіз, жәрдем берейік деді. Жавқсы, келіңдер деп, шақырып едім, міне, бүгін келіп отыр, келіскен күніміз. Оларға айтқанмын, жәрдем беріңдер, самаурынға шай қойып, соны далада отырып ішейік деп, балаларға рахмет енді».

Жастар бұл жұмысты одан әрі жалғастыра бермек. Бірінші кезекте үйлері суға кеткен және жалғыз басты қарияларға баруды мақсат етіп отыр. Жалпы облыс бойынша «Жасыл ел» еңбек жасағының екі мыңға жуық мүшесі жұмыс істейді.

Динара Аманқұл, «Жасыл ел» еңбек жасағының мүшесі:

«Менің группаластарым қатысты. Солар айтты да, мына жақта мынадай болып жатыр, тазалық жасаймыз, алғыстар айтады дейді. Соған біз шабыттандық. Күшті, содан кейін қатысып жатырмыз дейді. Сосын менің де қатысқым келіп кетті, міне қатысып жатырмын».

Жақсыбек Кемал

Хабарламаларға жазылу