Премьер-Министр Олжас Бектеновтың Түркияға жұмыс сапары аясында екі ел арасында 180 млн доллардың келісіміне қол қойылды. Үкіметаралық комиссияның отырысында тараптар экономикалық ынтымақтастықты дамытудың ауқымды мәселелерін талқылады. Сондай-ақ осы сапар аясында екі ел кәсіпкерлерінің қатысуымен бизнес форум да өтті.
Алдымен Қазақстанның Үкімет басшысы мен Түркияның вице-президенті ірі инвесторлармен кездесті. Басқосуда елімізде инвесторларға көрсетілетін қолдау мен жеңілдіктер таныстырылды. 500-ден аса кәсіпкер қатысқан жиында Қазақстанда 3,8 млрд доллардың 100-ден аса бірлескен жобасы жүзеге асып жатқаны айтылды.
Үкіметаралық комиссияның 13-ші отырысы аясында кальцилендірілген сода зауыты, суару аппараттарын шығаратын зауыт, логистикалық хаб салу сияқты 180 млн доллардың 10 келісіміне қол қойылды.
Айдос Әшімұлы, тілші:
Түркия – Қазақстанның маңызды сауда-экономикалық және инвестициялық серіктестерінің бірі. Өткен жылдың қорытындысы бойынша біздің елдер арасындағы тауар айналымы тарихи меже 10 млрд долларға жетті. Алдағы уақытта стратегиялық әріптестік көкжиегі кеңейе бермек.
Айдос Әшімұлы