Атырауда жаға бекіту жұмысы 92 пайызға аяқталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Атырауда жаға бекіту жұмысы 92 пайызға аяқталды

25.04.2024

Атырауда Жайық суын Каспий теңізіне бұрып жатыр. Ғылыми зерттеуді негізге алған мамандар, бұл әдіс – нөпір судың екпінін азайтып, тасқынға тосқауыл болады деп отыр. Қазір өзеннен бастау алатын каналдарды қайта қазу қарқын алған. Атырауда жүрген әріптесім, Жандос Темірғали сол арналардың жағдаймен танысқан еді.

Жандос Темірғали, тілші:

Біз қазір Атырауды тасқыннан қорғайды деп қазылып жатқан аса маңызға ие Соколок каналының бойында тұрмыз. Ұзындығы 32 шақырымды құрайды. 24 шақырымы нөпір суды қабылдауға дайын. Қалған бөлігінде өздеріңіз көріп тұрғандай жұмыс қайнап жатыр. Табаны 2 метрге дейін тереңдетіледі. Ал арнасы 7 метрге дейін биіктетіліп, арнайы бөгетпен бекітіледі. Каналдың негізгі функциясы тасқын суды қалаға жеткізбей, бірден теңізге бағыттау. Біз эфир басталмай тұрып, Соколок каналының жайықпен қосылатын тұсына барып, учаскеге жауапты координатордан сұқбат жазып алған едік. Соны режиссерлер қосып жіберсе...

Соколоктан басқа, өңірде Жайықпен байланысты 13 канал бар. Тереңдету жұмысы бәрінде қатар жүріп жатыр. Теңіз тамағы да қазылуда. Одан бөлек, Махамбет ауданындағы жыралар ашылды. Қазір 12 жыра арқылы Жайық суы сай-салаларға құйылып жатыр. Бүгінде жаға бекіту жұмысы 92 пайызға аяқталып, 240 шақырымға жуық бөгет тұрғызылды. Жедел штабта жұмыс істеп жатқан ғалымдар жайыққа тасқын су мамырдың басында келеді деп болжам жасап отыр.

Жандос Темірғали


Хабарламаларға жазылу