Елорда соттарында мемлекеттік тілде қаралатын істердің саны біршама артқан. Бірнеше жылдан бері Астана қалалық соты орыс тілінде түскен арыз-талаптарды өндіріс барысында мемлекеттік тілге көшіру тәжірибесін қолданып келеді. Тіпті, сот залына келген күдікті істі мемлекеттік тілде жүргізуге өтініш білдірсе, талабы бірден қанағатандырылған.
Айсұлу Сламбекова, Астана қалалық соты қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының судьясы:
Жол полициясының қызметкерлері хаттаманы орыс тілінде толтырғанмен іс сотқа түскенде қазақ тілінде жалғастырылады. Сондықтан ол көрсеткіштерге байланысты 2023 жылы түскен істердің 55226 істің қазақ тілінде түскен істің саны 18871 істі құрайды. Яғни, 34 пайызы ғана.
Сот төрелігін мемлекеттік тілде жүзеге асыру бойынша бас қосқан заңгерлер мен депутаттар бірнеше мәселе қозғады. Атап айтсақ, сот өндірісін қазақ тіліне көшіруге тілді толық меңгерген мамандардың да тапшы екенін айтты. Сондай-ақ, заң мәтіндерінің қазақша аудармасы түсініксіз, сөйлем құрылымы ауыр, арасында мағына қатесі де кетіп жататынын жеткізді.
Үнзила Шапақ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Бізде заңның құрамында бір сөйлем, күрделі сөйлеміміз 85 сөзден тұратын сөйлем кездеседі, орыс тілінде. Ол қазақ тілінде 92 сөзге дейін барады. Мына заңның нормасын ықшамдаңдаршы. Түсіндіріңдерші! Бір сөйлемге, төрт сөйлемге өзгертейікші. Орысшасына да қазақшасына да. Міне заңның осыдан болып біздің қашқақтап, судьяларымыздың да қазақ тілінде іс жүргізуге қорқақтайтын сәттері бар.
Тәуірбек Бозекен