Қазақстандықтар Таиландқа визасыз бара алады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстандықтар Таиландқа визасыз бара алады

24.04.2024

Енді қазақстандықтар Таиландқа визасыз бара алады. Бұдан бөлек, Таиландтың ірі компаниялары Қазақстанға инвестиция құюға ниетті. Ол жақтан біздің елге теңіз өнімдерін жеткізіп, ірі қалалардан тікелей әуе рейстерін ашқылары келеді.

Таиланд астанасы Бангкокте визасыз режимге қол қойылды. Енді Қазақстан мен Таиланд халқы екі ел арасында визасыз жүреді. Келісімге сәйкес, азаматтар 30 күн бірден тұрақтай алады.Ал, жарты жылға 90 күн берілді.Мысалы, бірінші айда 30 күн, екінші айда 20, үшінші айда 15 күн.Яғни, осы 6 айдың ішінде, 90 күн жүруге болады.

Мұрат Нұртілеу, ҚР Премьер-Министр орынбасары – Сыртқы істер министрі:

Таиланд – Қазақстанның Оңтүстік Шығыс Азия өңіріндегі ең ірі және сенімді серіктесі. Екі жақты тауар айналым тұрақты өсіп келеді. Мәселен, былтыр бұл көрсеткіш 367 млн АҚШ долларына жетті.

Парнпри Бахиддха-Нукара, Таиланд Корольдігі Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі:

Елдерміз арасында сындарлы диалог орнатылды. Көптеген мәселелер бойынша мемлекеттеріміздің ұстанымдары сәйкес келеді. Қазақстан – Орталық Азиядағы басты серіктесіміз.

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары-Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Таиландтың ірі компания басшыларымен де келіссөздер жүргізді.

Мәселен, Таиландтың «Really Cool Airlines» әуекомпаниясының президентімен екі елдің астаналары арасында ғана емес, ірі қалаларды байланыстыратын тікелей әуе рейстерін ашу мәселесін талқылады. Келіссөздер барысында теңіз өнімдерін өңдеумен айналысатын «Sea Value» компаниясының басшылығы Қазақстан нарығына инвестиция салуға дайын екенін жеткізді.

Арман Исетов, Қазақстан Республикасының Таиланд Корольдігіндегі Төтенше және өкілетті Елшісі:

Таиландтық компаниялар Қазақстанды өңірлік логистикалық хаб ретінде көреді. Біздің ел арқылы олар өз өнімдерін Қазақстан нарығымен қатар, Орталық Азия және Еуразиялық экономикалық одақ елдеріне жеткізуді көздеп отыр.

Самал Қабышева, тілші:

Жылдан жылға Қазақстаннан Таиландқа келуші туристер саны да артуда. Мәселен, былтыр 172 мыңнан аса қазақстандық осы елге келсе, ал биыл қаңтар және ақпан айларында 60 мыңға жуық қазақстандық Таиландқа келіп, демалып қайтқан. Енді екі ел арасындағы визасыз режим алыс-беріс пен барыс-келісті арттыратыны сөзсіз.

Самал Қабышева


Хабарламаларға жазылу