Түркістан облысының бірнеше елдімекенінде шіркей қаптап кетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысының бірнеше елдімекенінде шіркей қаптап кетті

24.04.2024

Түркістан облысының елдімекендерінде шіркей қаптап кетті. Әсіресе Сырдария өзені мен Көксарай су қоймасы маңындағы ауыл тұрғындары қас қарайғанша үйде қамалып отыруға мәжбүр. Шыбынға таланған жұрт зиякестерге қарсы жұмыс мардымсыз деп шағымдануда.

Шіркейдің көптігі сонша Шеңгелді ауылының тұрғындары қазір беттерін тұмшаламай сыртқа шыға алмайды. Далаға шыққан ойын баласы әбден таланып келеді, дейді зәрезап болған жұрт.

Бейсенкүл Юсупова, Шеңгелді ауылының тұрғыны:

Міне көзімізді шағып, бұл шаққан жері ертең күзде жара болады. Ол тіпті жазылмайды ол. Медицина қойған. Әйтеуір 6 ай дегенде өзінің мерзімі бар жазылады.

Шаһаризада Әлібек, Шеңгелді ауылының тұрғыны:

Осы сәуір болғаннан келеді, қарашада әрең кетеді. Мал қазір жайылмайды. Тұмсығына кіреді, көзіне кіреді. Ең арғы жағы тауық та жайылмайды.

Арыстан баб кесенесіне келген туристерден де маза қашқан. Зиярат кетіп келген жұрт амалсыз тезірек кетуге асығуда.

Абылай Абыхан, Алматы облысының тұрғыны:

Келгеніме 15 минут болды, сол 15 минуттың өзінде шыдай алмай тұрмын шыбын-шіркейге. Көзімді ашсам, құлағыма кіреді. Құлағымды ашсам, көзіме кіреді. Аузымды ашсам, аузыма кіріп жатыр.

Ауыл тұрғындарының сөзінше, зиянкестер Көсарай су қоймасы салынғалы пайда болған. Қазір өңірдің бірнеше ауданында жағдай қиын. Соңғы 10 жылда қанаттылардың көбейгені сонша 8 түрі анықталған. Ал оны түпкілікті құртуға жергілікті билік қауқарсыз.

Хамит Адасқанов, Шеңгелді ауылының тұрғыны:

Былтыр да ауылды аралап көлікпен шашқан әр жерден. Ол бір көлік жүрген жері не болады ол?! Ары кетсе 5-6 метрге шашады, ары шаша алмайды. Биыл әрекет жасалды, көрдік. Бірақ нәтижесі жоқ. Былтыр қандай шіркей болды, одан асып түспесе кем емес.

Сондықтан жұрт залалсыздандыру ауадан, ұшақтармен жүргізілсе, дейді. Қазір, облыстың 3 қаласы мен 4 ауданының аумағы дәріленіп жатыр. Оған қазынадан 622 млн теңге бөлінген.

Сәттар Нәлібай, Отырар аудандық Тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы:

Бүгінгі таңда ауданда техникалар жұмыс атқаруда жаңағы химиялық жою жұмыстары. Сала мамандарының қортындысына сәйкес, мұны түпкілікті жою мүмкін емес деп анықтама берген. Бірақ азайтуға жұмыстар атқарылуда.

Мамандар 30 мың келіден астам биологиялық препаратты суға жіберген. Алматы және жергілікті жердегі ғалымдар зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Ғалымдар тез арада зиянкестерді құртудың жолын таппаса, ауыл тұрғындарына алты ай жаз шыдауына тура келеді.

Айнұр Әбілқасымқызы


Хабарламаларға жазылу