Атырауға қосымша техника мен әскерилер жіберіледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Атырауға қосымша техника мен әскерилер жіберіледі

24.04.2024

Үкімет басшысы Олжас Бектенов Атырау облысына су тасқыны жағдайы тұрақтанған өңірлерден әскери қызметшілер мен техниканы жедел жеткізіп, күштерді арттыруды тапсырды. Премьер-Министр өңірге арнайы барып, жұмыс барысын тексерді. Бүгінгі таңда алдын алу шараларының 92%-ы орындалған. Жұмысты тиімді жүргізу үшін облыс орталығы 111 секторға бөлінген. Ұзындығы 482 км қорғаныс бөгеттері салынды. Бұл жұмыстарға төтенше жағдай мен күш құрылымдарының 6 000-ға жуық қызметшісі, 2 000-ға жуық техника жұмылдырылған. Еріктілер тарапынан белсенді көмек көрсетіліп жатыр. Өткен сенбіде жағалауды бекіту сенбілігі аясында 9 000-ға жуық ерікті атсалысты.

Сатыбай Әпенде, Амангелді ауылының тұрғыны:

Бұрын осындай 1993 жылы болды. Дамбының мына жақ шетін суға алып кетті. Ол кезде мұндай су болған жоқ. Бірақ, жарып кетті. Қазір, биылғы дайындық жақсы. Сіздерден үлкен көмек осы техникамен көмектесіп жатсаңыздар жақсы жұмыстар жүріп жатыр.

Сонымен қатар Жайықтың Каспий теңізіне құяр сағасының түбін тереңдету жұмыстары қолға алынған. Оған арнайы техникалық флоттық кемелер мен гидравликалық экскаваторлар қолданылып жатыр. Бұдан бөлек, суды бұру үшін каналдарды қазу, тазарту жұмысы да жүріп жатыр.

Олжас Сұлтанов, Атырау облысы жедел штабының мүшесі:

Соколок каналы өзіне күшті қабылдайтын канал болып саналады. Оның басы Жайықтан басталып Каспий теңізінен бітеді. Жұмыстардың бәрі бітті. Минус 21 Балтийский система бойынша барлық бөгеттерді көтердік. Ескі каналды да тазалап шықтық.

Шерхан Жамбылұлы


Хабарламаларға жазылу