Қарақалпақстаннан Қазақстанға дейін экотуризмді дамыту жоспары қолға алынды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қарақалпақстаннан Қазақстанға дейін экотуризмді дамыту жоспары қолға алынды

24.04.2024

Қарақалпақ жеріндегі Мойнақ қаласынан Қазақстанның Қазалы қаласына дейінгі аралықта экотуризмді қарқынды дамыту жоспары қолға алынды. Бұл жай экотуризм емес ғылыми негіздегі жоба болмақ. Яғни оған ботаниктер, топырақты зерттеуші мамандар, орман шаруашылығының өкілдері де атсалысады.

«Мәдениет -Мойнақтан басталады». Осы бір тіркес қарақалпақ елінің Қазақстанмен шектесетін тұсындағы шағын шахардың халқына әрдайым күш беріп келеді. Арал теңізі тартыла бастағанда шаруашылығы өркендеген портты қаланың да күйі кеткен еді. Бүгінде еңсесін қайта тіктеп алған.

Гаухар Әбдікәрімова, Мойнақ экологиялық мұражайының қызметкері:

Бұрын келіп кейін келмей кеткен меймандар көріп қайран қалады, Мойнақтың осыншалықты өзгеріп кеткендігіне. Кішкентай қала болса да қыдыратын жерлері көп екенін айтып көңілі толып, тасып кетеді келген меймандар.

Мойнақтан Қазақстанның Қазалысына дейінгі аралықта экотуризмді дамытудың ерекше жобасына түрлі сала мамандары тартылады. Яғни, жан жақты бағытты қамтиды. Аралдың балығы қиын қыстау заманда халықты асыраған. Жергілікті жұрт әлі де сол қалпын сақтап, айналадағы шағын көлдің балығынан түрлі тағам әзірлеп, гастрономиялық туризмді өркендетуге күш салып отыр.

Дильфуза Құттымұратова, Мойнақ ауданының тұрғыны, туристік оператор:

Қазақстанмен шекаралас Мойнақ ауданы бір майданда корабльмен барып тұрған. Арал қаласымен бірлікте кораблдермен қарым қатынас күшті болған. Яғни портпен консервіленген балықтарды, мақтаны Аралдан ары пойызбен жеткізіп тұрған уақытында.

Мойнақта саяхатшыларды қызықтыратын орын көп. Қазақ пен қарақалпаққа ортақ Аралдың бір кездегі символындай болған кемелердің ашық аспан астындағы мұражайы солардың бірі. Шетелдіктер осы жерді көруге ғана көптеп келіп жатады. Арасында отандастарымыз да аз емес.

Эльшод Валиев, Қарақалпақстан Республикасы туризм басқармасының баспасөз хатшысы:

Қазақстаннан да меймандар келіп тұрады, әлбетте. Олар келіп бірінші кезекте Арал апатшылығын көзімен көріп, Аралдың құрғап кетуін қалай өткерді, бүгінгі күнге бейімделуі қандай болып жатыр, бұл жағдайдың зардабымен күресуде қандай істер атқарылып жатқанын өз көзімен көріп жатыр.

Мойнақ пен Қазалы арасындағы аумақта экотуризмді дамыту жобасынан ботаниктер, топырақты зерттеушілер мен орман шаруашылығы мамандары да шет қалмайды. Болашақта жастар экологиялық орталығы құрылып, Аралдың табанын көгалдандыру жалғасын табады.

Базаркүл Отыншиева


Хабарламаларға жазылу