Торонтода қазақ тілі курсы ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Торонтода қазақ тілі курсы ашылды

24.04.2024

Канаданың ең ірі қаласы Торонтода қазақ тілі үйірмесі ашылды. Шаһардағы қазақ мәдени орталығы қолға алған игі жобаға қазірден сұраныс жоғары. Ана тілін үйренгісі не жетілдіргісі келетін жандар жетерлік дейді алғашқы сабаққа қатысып қайтқан тілшіміз Жалғас Сәдібекұлы.

Торонто қаласында мың жарымдай қазақ отбасы тұрады. Қандастардың алды отыз жыл бұрын қоныс аударған. Мұнша уақытта тілді күнделікті қолданбаса көмескі тартатыны заңдылық. Қазақ тілін жетілдіруге құлшыныс білдіргендерің қатарында жас та жасамыс та бар. Бір қызығы ана тілін Канадаға келіп үйренген қазақтар да жоқ емес. Соның бірі Нұрлан Жанқыбаев. Он бес жылдан бері Торонтода тұратын жігіт ағасы намысқа тырысып бір жыл тұрақты түрде оқыған, тіпті Қазақстаннан мұғалімдер тауып, онлайн дәрістер алған. Қазір ана тілінде ойын жеткізе алады.

Нұрлан Жанқыбаев, Торонто қаласының тұрғыны:

Шынын айтқанда қазақша білмегендіктен ұят болып жүрді. Қазіргі таңда мен қазақша сөйлей алам.

Семейде орыс мектебінде оқыған Әлия Бекбасова да қазақша сөйлей алмағанын айтады. Бірақ, елге деген сағынышы оны ана тілін үйренуге жетелеген. Қазақпен қазақша сөйлес деп жиі айтатын әжемнің өсиетін енді орындадым дейді өзі.

Әлия Бекбасова, Торонто қаласының тұрғыны:

Теориялық тіл бар екен. Бірақ ешқашан сөйлемедім. Оқу да қиын. Бірақ, Канадада үйреніп жүрмін және қазақтар көбейіп жатыр. Көбі қазақша сөйлейді.

Жаңадан ашылған курста әзірге қатысушылардың тек сөйлеу дағдысын дамытуға екпін беріледі. Игі істі қолға алған Торонто қазақтары қоғамының жетекшісі Мәдина Кеңесбаева қазақ тілін үзбей үйретуге күш саламыз дейді.

Мәдина Кеңесбаева, Торонто қазақтары қоғамының жетекшісі:

Бізде бастауыш және жалғастырушы топтар бар. Келу қиын болып жатса онлайн да өткіземіз.

Канададағы Қазақстан елшілігі Торонто қазақтарының орталығын қолдап, үш жыл бұрын консулдық жанынан екі бөлме бөліп берген. Ұлтымыздың мәдениетін паш ететін ұйым осылайша енді жырақтағы қандастарға демеу болып, ана тіліміздің жаңғыруына үлес қоспақ.

Жалғас Сәдібекұлы


Хабарламаларға жазылу