Еуропалықтар кітапқа 90 млрд еуро жұмсаған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Еуропалықтар кітапқа 90 млрд еуро жұмсаған

23.04.2024

Дүниежүзілік кітап және авторлық құқық күнін Еуропалықтар асыға күтеді. Себебі, бұл күні сүйікті кітаптарын сатып алуға қомақты жеңілдік жасалады. Қарт құрлық елдері кітап оқудан әлемдегі көшбасшы. Былтыр ЕуроОдақ тұрғындары кітапқа 90 млрд еуро жұмсаған. Еуропа елдеріндегі кітап оқу мәдениеті жайлы Нұрсұлу Қасым тарқатады.

Еуропа статистика агенттігінің мәліметінше, еуропалықтардың 70 пайызы жылына кем дегенде бір кітап оқиды. Швеция, Дания, Бельгия тұрғындары тіпті жазғы демалыста 2,5 томды бір-ақ тауысады екен.

Дидье Корель, Брюссель қаласының тұрғыны:

Мен аптасына 2-3 кітап оқимын. Тарих, қазіргі заманғы өнер, музыка, діни кітаптарды жаным сүйеді. Миым тынығады. Жастар ұялы телефон шұқылап, уақытын босқа өткізбеу үшін ата-ана, үкімет балалардың кітапқа қызығушылығын арттыруы тиіс.

Кітапқұмарлардың санын көбейту үшін Ұлыбританияда бала өмірге келгенде бірден оқырман билеті табысталады. Швеция үкіметі жас босанған анаға әлемнің ең үздік балалар әдебиетінің жинағын сыйға тартады.

Нұрсұлу Қасым, тілші:

Қарт құрлық көшелерінде, саябақтарында мынадай жәшіктер орнатылған. Ішінен ұнаған туындыны тегін алуға болады. Және өзіңде бармен бөлісесің. Еуропалықтар хакім Абайдың бай мұрасымен танысын деп мен бүгін Абай атамыздың француз, нидерланд тілдерінде шыққан қара сөздерін әкелдім.

Мұнан бөлек, Еуропа елдерінде ұсталған кітаптарды тиын-тебенге саудалайтын дүкендер көп. Финляндиядағы «Ооди» көпшілік кітапханасының басшылығы оқырман тарту үшін ғимаратты жанға жайлы етіп салған. Ішінде кинотеатр, тігін машиналары, 3D принтер, музыканттарға арналған дыбыс жазу студиясы да бар. Сөредегі 100 мың кітапты кез-келген адам алып, оқи алады. Сарапшылар, технология қанша дамыса да, кітап пен кітпахана өзінің маңызын жоғалтпайтынына сенімді.

Нұрсұлу Қасым


Хабарламаларға жазылу