Атырау облысы Құлсары қаласында тасқыннан зардап шеккен үйлерге бағалау жұмыстары жүргізіліп жатыр. 3 000-ға тарта баспана мен инфрақұрылым су астында қалған. Қазір су тартылған ықшам аудандарда сарапшылар үй-үйлерді аралап, келген шығынды есептеуде.
Нұрсұлтан Нұрсейіт, тілші:
Біз қазір Жадырасын ықшам ауданындағы тасқын судың зардабы тиген үйлердің біріндеміз. Мінеки, су деңгейі мына жерге дейін келген. Іске жарамайтын жиһаз, техника. Тіпті, үйдің іші ылғал тартып, сасық иіс шығып тұр.
Құлсары қаласының тұрғыны, ақжаулықты ана Саржан Айдабаеваның үйіне тосыннан кірген қарғын су еденді көтеріп жіберген. Еден үстімен жүргенде сықырлаған дыбыс естіледі. Енді бағалау комиссиясынан үміті көп.
Саржан Айдабаева, Құлсары қаласының тұрғыны:
Дүние-мүлік, қора-қопсы бәрі де кетті. Енді көмек сұраймыз жоғары жақтан, дұрысынан,оңынан шешіліп, басымызға баспана тауып берсін.
Су кейбір учаскелерде әлі де бар. Жер кепкен аумақтарда мамандар қарқынды жұмыс істеп жатыр. Әуелі үйдің мекен-жайы жазылады, суретке түсіріледі. Кейін бөлмелерді аралап, жағдаймен танысады. Ең бірінші еденнің, іргетасының және қабырғаның жай-күйіне назар аударылады.
Әділет Ахметбекұлы, бағалау компаниясының сарапшысы:
Сырт жағын тексереді, жарықшалар болса фундаментін экспертизаға алады. Бұрыштарын ойып, ылғалдылығын тексереді. Бәрін фотоға түсіріп, барлық анализін жібереміз, шешімін комиссия шығарады.
Жауапты бөлім мен бағалаушы компания өкілдерін ауқымды жұмыс күтіп тұр. Тек Жадырасын ықшам ауданы ғана емес, тағы бірнеше аумақ тасқыннан зардап шекті. Қазір сарапшылар топтарға бөлініп, жұмыстарды ертерек аяқтауға күш салуда.
Алмат Байдәулетов, бағалау компаниясының атқарушы директоры:
Бағалау методика бар, сол бойынша саналады. Бірақ әр үйдің жөндеу жұмыстары, негіздері, шатырлары әрқалай, әрқайсысы бөлек жасалады. Олардың бәрі бірдей үй емес қой, бірақ әдіс-тәсіл бір.
Бағалаушы компания келтірілген шығындарды есептеуді шамамен 1 айда бітіреміз деп отыр. Барлық үй мен инфрақұрылым қамтылатынын алға тартты. Айта кетейік, Жылыойда әлі де төтенше жағдай режимі сақталған.
Нұрсұлтан Нұрсейіт