Қытайдың Гуандун провинциясында 40 мыңдай адам су басқан аудандарда қалып қойған. Оларды құтқаруға қайықтар жіберіліп жатыр. Бұл аймақта төпелеп жауын жауып, артынша өзендер арнасынан асты. Соңғы 50 жылда болмаған ең жоғары деңгейге көтерілген. Провинция аумағында 110 мыңдай адам қауіпсіз жерге көшірілді. «Синьхуа» агенттігінің хабарлауынша, су апатынан 4 адам қаза тауып, он тұрғын жоғалып кетті. Сонымен қатар сан мың адам дүние-мүлкінен айырылған.
Хань Цзинчжун, жергілікті фермер:
Бәрінен айрылып қалдым. Егемін деген тұқым да кетті. 13 мың доллардың дүниесі тасқыннан жоқ болды. Егістік алқаптарын да су шайып кетті.
Өткен аптаның соңында басталған жауын мен тасқыннан Гуандунь аймағындағы екі қала қатты зардап шекті. Сонымен қатар, көршілес Цзянси провициясындағы жағдай да қиын. Онда мың жарым гектардай егін алқабын су басып, экономикаға 6 миллион долларға жуық шығын келді. Ал Гуанджоудың жартысы суға кеткен.
Лин Сюжзень, интернет-дүкен жұмысшысы:
Осыдан екі жыл бұрын жауын-шашын салыстырмалы түрде молая бастады, ал биыл тіпті күшейді. Бұрындары су тасқындары мұндай болмайтын. Су қатты көтеріліп жатыр.
Қытай су апатынан жақында құтылмайтын тәрізді. Елдің Орталық метеорологиялық обсерваториясының ескертуінше, жауын мен дауыл бүгін де жалғасады. Одан елдің оңтүстігіндегі үлкен аумақтарда, соның ішінде Гуанси мен Фуцзянь провинцияларында да жаңбыр қатты құюы ықтимал.
Арыстан Рысбек