Орал қаласы 17 қауіпті учаскеге бөлінді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Орал қаласы 17 қауіпті учаскеге бөлінді

23.04.2024

Мамандар Батыс Қазақстан облысына ойысқан нөпір судың беті қайтты дейді. Десе де Орал қаласы тұсындағы Жайықтан жайылған судан қауіптің беті қайтқан жоқ. Қазірдің өзінде 100-ден астам саяжайға су кірді. Аймақтағы бүгінгі жағдайды Нұрсұлтан Тілектес баяндайды.

 Нұрсұлтан Тілектес, тілші:

Жайықтың Орал тұсындағы деңгейі соңғы бір тәулікте 1 сантиметрге түсті. Десе де тасқын қауіпі әлі сейілген жоқ. Өзен жағасындағы саяжайларға су кіріп жатыр. Ресми мәліметтерге сүйенсек, 116 саяжайды су басқан. Ендігі мақсат қарғын судың облыс орталығына кіруіне жол бермеу. Тасқынмен жүйелі түрде күресу үшін Орал қаласы 17 қауіпті учаскеге бөлінген. Атқарылып жатқан жұмыстар жайлы қала әкімінің орынбасарымен сұхбаттасқан едік.

Жандос Дүйсенғалиев, қала әкімінің орынбасары:

17 аумақты анықтадық дамбы салынатын. Бізде тік жарлар бар. Бұрыннан қалған бөгеттеріміз бар. Соларды көтеру нығыздаау бойынша 17 нысан болатын болса 11-де жұмыстары толықтай аяқталды. Қалған 6 нүкте бойынша жұмыстар 90-95 пайызға аяқталды.

Нұрсұлтан Тілектес, тілші:

Соған қарамастан Курени, Старица және Коминтерн аудандарының тұрғындарын қауіпсіз жерге көшіру керектігі айтылды. Тағы бір айта кететін жайт, қазір халық арасында залал келген мал-мүлікті фото, видеолармен дәлелдеу керек деген жалған ақпарат тараған болатын. Жергілікті билік тұрғындардан ешқандай дәлел талап етпейтінін мәлімдеді. Ал, шығындарды арнайы комиссия өзі есептейді. Қазір тұрғылықты мекен-жайы бойынша азаматтарға 100 АЕК көлемінде бір реттік жәрдемақы төленіп жатыр. Бүгінге дейін жәрдемақының бұл түрін өңір бойынша 1542 отбасы алыпты.

Нұрсұлтан Тілектес


Хабарламаларға жазылу