Абай облысындағы Алакөл жағасында туристік маусымға дайындық басталды. «Таза Қазақстан» акциясы аясында ондағы демалыс орындарының аумағы абаттандырылып, көл жағасы тазаланып жатыр. Жергілікті тұрғындар, кәсіпкерлер мен қоғам белсенділерінің қатысуымен ұйымдастырылған экологиялық шара өңірдегі басқа елді мекендерде де жалғасын тапты.
«Таза Қазақстан» акциясы аясында өткен экологиялық шараға Мақаншы ауданнындағы 11 ауылдық округтің тұрғындары қатысты. Шипалы көл жағасындағы 28 гектар аумаққа ретке келтіріліп, абаттандыру жұмыстарын жүргізді.
Назым Жаппарова, ауыл тұрғыны:
Біздің Қазақстан жерінде ауыз толтырып айтарлықтай киелі мекендеріміздің бірі осы Алакөл көлі болып табылады. Бұл жерге Қазақстанмен шектесіп жатқан, шектеспей жатқан көптеген шет мемлекеттерден туристен келіп жатады.
Айжарық Абылқасымов, ауыл тұрғыны:
Туризмді дамыту үшін біз оның табиғи қалпын сақтап қалуымыз керек. Сол табиғилықпен ол сол туризмнің бір қайнар көзі бола алады. Алакөлдің еңсесі қашанда биік болуы керек. Оның жағасын біз таза ұстаймыз деп ойлаймыз.
Тазалық жұмыстары кезінде 40 тоннаға жуық қоқыс шығарылды. Көл жағасындағы қоршаулар қалыпқа келтіріліп, туристер жүріп-тұратын демалыс аумақтары ретке келтірілді.
Дәурен Қойгелдин, Мақаншы ауданының әкімі:
Президентіміздің бастамасымен «Таза Қазақстан» акциясына алты жүзден астам ауылымыздың тұрғындары жиналып, үлкен іс шара осы жағалауды тазалап бойынша жұмыс жасап жатырмыз. Алакөл басқа көрші елдерден демалуға келетін көрікті жеріміз әрқашанда осындай жақсы бояулы тап-таза қалпында тұруы керек.
Биыл Алакөлге жаз маусымында 1 миллионнан астам турист келеді деп күтілуде. Шипалы көл жағасында тазалық акциясы үздіксіз жүргізілмек.
Ержан Жақып