Еуропада медицина мамандары тапшы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Еуропада медицина мамандары тапшы

22.04.2024

Еуропа медициналық дағдарысқа тап болды. Қарт құрлық елдері 2 млн медицина қызметкеріне зәру. Вакансия көп, бірақ, жұмыс істейтін адам жоқ. Медбике, дәрігерлердің жетіспеуінен ауруханаларда бөлімшелер жабылып, науқастар медициналық көмек алу үшін айлап кезек күтуге мәжбүр.
ЕуроОдақтың экономикалық көшбасшысы Германияға қазір 400 мың медицина маманы қажет. Зейнетке шыққан медбике, дәрігерлердің орнын басуға жастар құлықсыз. Жалақы аз, жүктеме көп. Сондықтан, көбісі еңбекақы жоғары деп Швейцария мен АҚШ-қа аттанып жатыр.

Катарина Шас, дәрігер:

Қазір бір терапевт 1070 науқас қабылдауға мәжбүр. Жүктеменің көптігінен біз физикалық, психикалық тұрғыда қатты шаршадық. Мұндай жағдайда медициналық көмек те сапалы болмайтыны анық.

Маман тапшы болғандықтан Португалияда перзентханалар, Австрия ауруханаларында психиатрия бөлімшелері жабылып жатыр. Францияда тұрғындар жедел-жәрдем қызметіне жүгінуге 5 сағат, ал Польшада эндокринологқа қаралу үшін 10 ай кезек күтуге мәжбүр.

Габриэля Поса, «Шекарасыз дәрігерлер» ұйымының сарапшысы:

Кезектері келгенше қайтыс боп кетіп жатқандар қаншама. Жағдай өте ауыр. ЕуроОдақта дәрігерлер ең төменгі жалақы алатындардың қатарында. Медицина докторы 40 сағат жұмыс істеп, жылына 41 мың еуро ғана жалақы алады. Одан салық ұсталғанда, түкке жетпейді.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, 2030-жылға қарай әлемде 15 млн медицина маманы тапшы болуы мүмкін. Қазірдің өзінде 2 млн медбике мен дәрігерге зәру Еуропа елдері «кадрдың қадірін біліп, жедел саяси шешім қабылдауы тиіс»-дейді сарапшылар.

 Нұрсұлу Қасым, тілші:

Дағдарысты еңсеру үшін «шетелдік мамандарды көптеп тарту қажет»-деген Германия депутаттары «еңбек миграциясы» туралы заңды жеңілдетуді ұсынуда. Ал, бельгиялық шенеуніктер медицина факультетіне түсуге міндетті емтиханды алып тастау қажеттігін айтуда. Бұл-жастардың осы мамандыққа қызығушылығын арттырып, кадр тапшылығы мәселесін шешудің бірден-бір жолы-дейді сарапшылар.

Нұрсұлу Қасым

Хабарламаларға жазылу