«Байтақ» жасылдар партиясы 80 тонна гуманитарлық көмек жөнелтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Байтақ» жасылдар партиясы 80 тонна гуманитарлық көмек жөнелтті

22.04.2024

Халық қарғын судың астында қалған өңірлерге гуманитарлық көмекті тоқтаусыз жіберіп жатыр. Қажетті заттарды көпшілік «Байтақ» жасылдар партиясы арқылы да жөнелтуде. Мәселен, осы демалыста бірнеше өңірге 80 тонна тауар жіберілді. Игі шараға түрлі ұйымдар мен компаниялар да үлестерін қосып жатыр.

«Байтақ» жасылдар партиясы арнайы ұйымдармен бірігіп, Атырау, Ақтөбе қалаларына, Батыс Қазақстан және Солтүстік өңірлерге 80 тонна азық-түлік пен гигиеналық құралдар, тұрмыстық заттар жөнелтті. Бес жүк көлігінің әрқайсысына 18-20 тонна зат тиелді. Соның ішінде, Атырау облысына 2 жүк көлігі яғни, 40 тонна гуманитарлық көмек жөнелтілді.

Ерлан Қыдырбаев, «Байтақ» жасылдар партиясының хатшысы:

«Olimpbet» компаниясы арқылы жиналған, сатып алынған тауарларды партия арқылы жіберіп жатырмыз. Жер-жердегі филиалдарымыз арқылы осы көмекті қабылдап, тиісті өңірлерге таратып, жеткізіп береміз. Партия филиалдарына көмек кәсіпкерлерден келеді, көптеген тұрғындар да үлестерін қосады. Соның барлығының көмегін жинап, тағы да жөнелтеміз. Біз қай кезде халықпен бірге болғанбыз.

Керек-жарақтың көбісі - құтқарушыларға қажет суда киетін етіктер мен арнайы киімдер. Сондай-ақ, тұрмысқа қажетті тоңазытқыштар, микротолқынды пештер, су соратын насостар, генераторлар бар. Бұған дейін де «Байтақ» жасылдар партиясы әр өңірден қабылдау пунктерін ашып, кәсіпкерлер атынан жалпы соммасы 100 млн теңгеден асатын азық-түлік пен гигиеналық заттар жіберген болатын.

Бекет Исмагулов, жүк көлігінің жүргізушісі:

Қазақстанда қиын жағдай болып жатыр. Елге біздің де бір көмегіміз тисін деген ниетіміз бар. Халыққа өте тез керек нәрселерді жеткізуге, өзіміздің көмек келгенше осы сапарға шығып жатырмыз. Жол-жөнекей мамандарымыз жолды барлап, ауа райын қарап, сол арқылы ақпаратты сараптап отырамыз.

Гуманитарлық көмек өңірлерге бүгін-ертең жетеді. Ал «Байтақ» жасылдар партиясы су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға көмек қолын созуды жалғастыра береміз деп отыр.

Айдана Қуантхан


Хабарламаларға жазылу