Тасқыннан зардап шеккен 120 отбасына 98 млн теңге өтемақы төленді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Тасқыннан зардап шеккен 120 отбасына 98 млн теңге өтемақы төленді

21.04.2024

Павлодар облысында тасқын кезінде дүние-мүлкі бүлінген 120 отбасына 98 млн теңге өтемақы төленді. Тұрғындардың құжаты бағалаушы мекемеге жіберіліп, шығыны толықтай анықталған. Бұл қаржы демеушілер тарапынан бөлінді. Соңғы бес күннен бері аймақта өтемақы алуға өтініш түспеді дейді мамандар. Естеріңізге сала кетейік, еріген қар суы Павлодар облысының алты ауданында тұрғындарды әбігерге салды. Әсіресе Павлодар ауданының Розовка, Рождественка, Ертіс ауданының Ұзынсу, Ағашорын, Ақтоғай ауданының Шолақсар, Жалаулы ауылдарын су басу қаупі төнді. Бірақ, дер кезінде қимылдаған соң ауыл тасқыннан аман қалды. Өңірде су кірген 7 үй тұруға жарамсыз болып қалды. Екі отбасына баспана сатып алынды. Ал, Жалаулы ауылында салынып жатқан 5 үйдің құрылысы алдағы үш айда аяқталады.

Ертай Кәкімов, Жалаулы ауылының тұрғыны:

Ел болып жабылып судың бетін қайтардық. Енді міне жаңадан үйлер салынып жатыр. Мүлкі бүлініп шығынға батқан адамдарға өтемақы берілді. Шүкіршілік, тәубе, дейміз. Мемлекетіміз, үкіметіміз қамқор болды осының бәріне. Енді осындай жамандық болмасын.

Болат Аманбаев

Хабарламаларға жазылу