Түркістан облысында әкімдік жерді құжатсыз үлестіре берген - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысында әкімдік жерді құжатсыз үлестіре берген

19.04.2024

Түркістан облысы Қазығұрт ауданындағы Жаңабазар ауылында жерге қатысты шу шықты. Ауыл әкімі жер телімін жұртқа оңды солды ауызша үлестірген болып шықты. Салдарынан, құжаты жоқ жер иесі көбейген. Енді арты бітпес дауға ұласып барады. Мәселенің мән-жайын әріптесім Ғани Қалмаханов анықтауға тырысты.

2018 жылы жер телімін алатын тұрғындардың тізіміне алғаш болып жазылған Ержан Досмұратов болатын. Ауыл әкіміне өтінішін жазып, құжаттарын өткізіп те қойған. Бірақ іс тым созылып кетті. Қазір өзі де сырқаттанып, төсек тартып жатыр.

Ержан Досмұратов, ауыл тұрғыны:

Не жердің шешімін бермейді, не ақшамды бермейді. Ей бір 100 мыңдай кетіп қалды.

Жер телімін алудан дәмелі Ержан Досмұратовтан өзге ауыл тұрғындары қазір осылай төбе басына жиналып, өзара қызылкеңірдек болуымен келеді. Әр қайсысын көкейінде қалауына қарай иемденіп алған өз жері бар.

Ғани Қалмаханов, тілші:

Ауыл әкімі рұқсат берген деген бір ауыз сөзді негіз етіп, жұрттың алды бос жатқан жерді осылай қоршап алып жатыр. Оның нақты өлшемін ешкім де білмейді. Әркім қалауынша қазық қағып алған. Ал ең сорақысы мына жерге жол төселеді, ал мына аумаққа инфрақұрылым желісі тартылады деген жоспар да жасалмаған.

Әзірге бұл аймақтан 17 адам жер аламақ ниетте. Бірақ ешбірі жер кезегіне тұрмаған. Өйткені мұндай тізімнің өзі жоқ.

Нұрлыбек Есенәлиев, ауыл тұрғыны:

Қоршай бер деген соң қоршадым. Сетка әкеп қоршадым. Шағал түсіріп қойғам. Әкімге сеніп отырмын ғой. Басқа кімге сенемін?

Ал әкімге сенімі жоғалғандар берген ақшаларын даулай бастады. Айтуларынша, оның орынбасарына кезінде 60 мыңнан бастап 100 мыңға дейін ақша берген.

Ербол Хамитов, ауыл тұрғыны:

Дәлелім бар нақты. Тірісі де бар, телефонмен де бар. 2018 жылы Россияға барып машине әкелгенімде 60 мың теңге пайда түсті. Соны алып, апарып бердім 60 мыңнан сатып жатырмыз деген соң. Міне турасы сол.

Әкім орынбасары елдің айыптауын жоққа шығара алмады.

Аудан мәслихаты 6 жыл бұрын елді мекен аумағын кеңейту туралы шешім шығарған бетте әкім жерді ауызша үлестіре берген. Уақыт өте келе өзге мәселелерді мәмілемен шешіп алармыз деп ойлап едім, - дейді ол.

Асқар Ақжолов, Жаңабазар ауыл округінің әкімі:

Бүгінгі таңға дейін мәслихатпен бекіттіріп, елді мекен шегін кеңейтіп бәрі былайша айтқанда бір ТОО ұтып алып, тендермен істелетін жұмыстар. Ұзақ процесс болғаны да сол бұл жерде.

Әкімнің айтуынша, бас жоспар жасалып, қазір елді мекенді геопорталға енгізу жұмысы жүріп жатыр. Жер телімін бөлу енді басталмақ. Сондай-ақ қазынадан бөлінген 216 миллион теңгеге электр бағаналары мен трансформатор орнату ісі де биыл қолға алынады.

Хабарламаларға жазылу