Павлодар облысында тасқын кезінде зардап шеккен Жалаулы ауылында жаңа үйлердің құрылысы басталды. Аймақтағы басқа аудандарға қарағанда Ақтоғай ауданындағы осы елдмекенде 14 үйге су кіріп, бес үй тұруға жарамсыз болып қалған еді. Ал, дүние мүлкі бүлінген тұрғындардың бәріне бір ретік жәрдемақы төленді. Өңірдегі әріптесім Болат Аманбаев шалғайдағы Жалаулы ауылына арнайы барып келді.
Мархабат Сматаевта тыным жоқ. Қабырғасы қақырап, құлап қалған үйіне жиі барады. Алты баланы өсірген шаңырағын қимайды. 1985 жылы да бұл жерді дәл осылай су басыпты. Сондықтан ойпаңдағы үй сүріліп, жаңасы ауылдың ортасынан салынады.
Мархабат Сматаев, Жалаулы ауылының тұрғыны:
39 жыл өтіп тағы қайталанып отыр осындай. Бұл су ойламаған жерден келіп тұр ғой. Оны ешкім әдейі жіберіп отырған жоқ. Бүкіл ел болып көмек жасап отыр біздерге. Тамағын да, киімін де әкелді. Міне үйде салып отыр бізге.
Бір күнде бірден бес үйдің құрылысы басталды. Қаржы демеушілерден жиналған.
Болат Аманбаев, тілші:
Судың екпіні қатты болғаны соншалық мына үйлердің сау тамтығы қалмаған. Тұруға жарамсыз шынымен. Сондықтан жаңа үй салу туралы шешім қабылданды. Жаңа үйлер алдағы үш айда салынып дайын болады. Жалпы тәуелсіздік жылдарынан бері ауылда бұрын соңды жаңа баспана бой көтермеген екен.Тілші. Жалаулыда 80 ге тарта үй бар. Халқы мыңның үстінде. Қарғын суға қарсы қайрат қылған жұрт тасқынның бетін қайтара алды. Соның арқасында біраз үй аман қалды. Ал, салынып жатқан баспана қаладағыдан кем болмайды дейді құрылысқа жауаптылар.
Аудархан Шарапиденов, құрылыс компаниясының өкілі:
Жобасы үш айдың ішінде бітіреміз, деп тырысамыз. Ішінде «под ключ» бәрі болады. Душ, ванна, су, жылу бәрі-бәрі қаладағы сияқты болады.
Қазір ауыл іші тыныш. Қауіп сейілген. Елдімекенді жанай еріген қар суын жинайтын бөген қазылып жатыр. Бұған да мемлекеттен арнайы қаржы бөлінді.
Ермек Машрықов Ақтоғай ауданы әкімінің орынбасары:
Бұл қайталанбайды. Бұл келген қардың суы. Себебі, Жалаулы ауылы төмен тұр, байқасаныздар. Сондықтан жан-жақтан барлық қырдағы еріген су келді де сосын басып тұр. Бізде өзен жоқ басқа тасиды деген.
Жалаулыда су кірген тағы тоғыз үй бар. Тұрғындарға үйлерін жөндеп, бүлінген заттың орнына дүние мүлік сатып алу үшін 48 млн теңге өтемақы берілген.
Болат Аманбаев