Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қырғыз халқына алғыс айтты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қырғыз халқына алғыс айтты

19.04.2024

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қиын-қыстау кезде гуманитарлық көмек көрсеткен қырғыз халқына алғыс айтты. Президент Қазақстан бұрын-соңды болмаған су тасқынымен күресіп жатқанын атап өтті. Ақорда бауырлас елдің Президентін құрметпен қарсы алып, қос елдің басшысы келіссөздер өткізді. Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғыз Президентінің Астанаға сапары аясында тарихи келісімге қол қойылатынын айтты. Сонымен қатар қазақ-қырғыз қатынастарының қарқынды дамып келе жатқанына назар аударды. Президенттің пікірінше, бұған белсенді саяси диалог, үкіметаралық және парламентаралық тығыз байланыстар ерекше серпін беріп отыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтастық жылдан-жылға нығайып келеді. Былтыр өзара тауар айналымы 1,5 миллиард долларға жетті, яғни 26 пайызға өсті. Алдағы мақсатымыз алыс-беріс көлемін 2 миллиард долларға жеткізу. Сонымен қатар осы бағытта болашағы зор бірқатар жоба қолға алынды. Жалпы, сауда-экономикалық саладағы уағдаластықтар орындалып жатыр.

Садыр Жапаров, Қырғызстан республикасының президенті:

Қырғыз Республикасыменен Қазақ Республикасының ортасындағы екі тарапты мәмілелер екі елдің жалпы тарихи тағдырымен алдын ала анықталған. Қырғыз және қазақ елдерін қашаннан келе жатқан достық, бауырластық, ортақ мәдени, рухани және басқа да салттар байланыстырып тұрады. Біздің достық және біртуған мәмілелелріміздеің одан әрі бекемделе түсетініне бекем сенемін.

Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаровқа I дәрежелі «Достық» орденін табыс етті.

Шерхан Жамбылұлы


Хабарламаларға жазылу