Вашингтонда әлем бойынша ең ірі Jessup (Джессап) оқу сот жарысы өтті. Оған 150 елден 700-ге жуық заң мектебінің топтары қатысты. 60 жылдан бері өткізіліп жатқан шарада қазақстандық екі жоғарғы оқу орнының студенттері білім мен біліктіліктерін дәлелделі.
Халықаралық құқық бойынша байқау заңгер студенттер арасында жыл сайын өтеді. Тапсырма күрделі. Біріккен Ұлттар Ұйымына қарасты – Халықаралық Сотта елдер арасындағы дауды шешуі керек. Командалар іс бойынша талап арыз берушінің де, айыпталушы тараптың ұстанымдарын негіздейтін ауызша және жазбаша мәлімдемелер әзірлейді. Ал олардың жұмысын халықаралық деңгейдегі заңгерлер бағалайды.
Талғат Сәрсенбаев, ЖОО Құқық және мемлекеттік басқару мектебінің директоры:
Біздің бір қуанып тұрған жағдайымыз Қазақстаннан келген студенттердің білімі өте жоғары деңгейде екеніне көзіміз жетті. Оның үстіне мықты-мықты командалармен кездесіп, олармен тереземіз тең болып шықты. Қазақстан үшін біздің студенттердің қатысуы ерекше маңызы бар, өйткені біз білім беру саласын ары қарай дамытуымыз керек.
Қазақстандық жастар АҚШ, Италия, Филипин елдерінен келген қатарластарымен сынға түсті. Белді жарысқа қатысу үшін қазақ студенттері жарты жыл дайындалған.
Көңілімқос Рахымбек, қазақстандық студент:
Біз жайдан-жай халықаралық құқықты оқымаймыз. Біз өзіміздің елімізге бір пайдасын алып келетіндей оқуға, оны алға жүргізуге тырысып жатырмыз. Жалпы халықаралық құқық, яғни осы жарыс, ол тек қана сол біліміңді тексеру емес, ол тек қана соттың алдында өз клиентіңді қорғау емес, ең бастысы ол достық және адам ретінде өсу. Себебі әрқашанда ұта бермейсің, ұтқан әрине жақсы, бірақ ұтылсаң да, ұтсаң да, қасындағы достарыңа қарап, жалпы өмірде бір мақсатқа жеттім деген ойға жетесіз.
Жарыс студенттерге құқықтық сараптау, көпшілік алдында сөйлеу, айғақ келтіру дағдыларын дамытуға мүмкіндік береді. Яғни, мұндай байқаулар болашақ заңгерлер үшін халықаралық деңгейде Қазақстан мүддесін қорғау тәжірибесін шыңдау үшін аса маңызды.
Жалғас Сәдібекұлы