Қазақстан мен Ресей арасында әріптестіктің көкжиегі кеңейеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстан мен Ресей арасында әріптестіктің көкжиегі кеңейеді

18.04.2024

Қазақстан мен Ресейдің Томск облысы арасында тауар айналымын арттыру көзделуде. Еліміздің Ресейдегі елшісі Дәурен Абаев бастаған делегация өңірге барып, әріптестіктің көкжиегін кеңейту мәселелерін талқылады. Меншікті тілшіміздің материалында.

Индира Бегайдар, тілші:

Қазақстан мен Томск облысы әріптестікті арттырмақ. Біздің еліміз – бұл облыс үшін басты сауда серіктестердің бірі. Алдағы уақытта бірлескен кәсіпорындардың санын көбейту жоспарда бар. Екі тарап ынтымақтастықты бекіту жолдарын талқылады.

Әріптестіктің әлеуеті үлкен. Жыл сайынғы өзара тауар айналымы орта есеппен 100 миллион долларға жуық. Томск облысы мұнай-газ секторы, машина жасау, ағаш өңдеу, химия және атом өнеркәсібінде басымдықтарға ие. Сондықтан екі тарап та алыс-берісті арттыруға мүдделі.

Владимир Мазур, Томск облысының губернаторы

Қазақстан тауар айналымы бойынша жетекші орында. Біз кездесуде барлық салада әріптестікті арттыру жайын талқыладық. Өнеркәсіптік өндіріс, кооперация бойынша да ілкімді жобаларды жүзеге асыруға болады. Жоспар ауқымды.

Білім беру саласында да ынтымақтастықтың тамыры терең. Мәселен, Томскіде 5,5 мыңнан астам қазақстандық білім алуда. Бұл аймақтағы барлық шетелдік студенттердің жартысынан көбі. Томск және қазақстандық университеттер арасында 30-дан астам ынтымақтастық келісімі бар.

Дәурен Абаев, Қазақстанның Ресейдегі төтенше және өкілетті елшісі:

Ресейлік белді жоғары оқу орындарының филиалдарын елімізде ашу туралы тапсырманы орындау мақсатында жобалар сәтті жүзеге асырылып жатыр. Томскідегі оқу орындарымен де байланысты нығайту жоспарда бар. Өйткені бұл бағытта сұраныс жоғары.

Қазір Томск облысында 1,3 мыңға жуық қазақ тұрады. Қандастармен кездесу барысында өзекті сұрақтар талқыланды. Қазақ тілін терең үйрену, оқулық мәселелері де назардар тыс қалған жоқ.


Индира Бегайдар

Хабарламаларға жазылу