Су тасқынынан әлемнің бірнеше елінде қаза тапқандар саны артты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Су тасқынынан әлемнің бірнеше елінде қаза тапқандар саны артты

18.04.2024

Соңғы тәулікте әлемнің бірнеше елінде жауын құйып, дауыл соқты. Одан Парсы шығанағы елдері мен Африкада ондаған адам қаза тапты. 

Дубайдың Халықаралық әуежайында әлі де бей-берекетсіздік. Бұл авиациялық порттың жұмысы сәуірдің 16-да ұшу-қону алаңын су басқаннан кейін бұзылды. Кеше мұнда 300-дей рейс доғарылған. Дегенмен, бірер сағат бұрын түскен мәліметке қарағанда, әуежайдың халықаралық рейстерді қабылдайтын 1-ші терминалы қайта іске қосылды. Алайда, ұшақ сапарлары әлі де кешігіп, кейде доғарылып жатыр.

Біріккен Араб Әмірліктері мен Парсы шығанағы елдерінде жауын мен тасқын әлі жалғасып жатыр. Соңғы дерекке жүгінсек, су апатынан Әмірліктерде 1, Оманда 20 адам қаза тапқан.

Ал Кенияда толассыз жаңбыр соңы алапат тасқынға ұласты. 13 тұрғын қаза тауып, 3 мыңдайы үйсіз қалды. Жүздеген мал қырылған. Табиғи апаттан әсіресе Кисуму және Кириняга округтері көп зардап шекті. Бұл өңірлерде жауын бірнеше күн бойы дамылсыз құйып тұр. Ал синоптиктердің болжамынша, жаңбыр әлі тоқтамайды. Тұрғындар үкіметтен тасқын салдарын жеңілдету үшін инфрақұрылымды жөндеуді талап етіп жатыр.

Ал Оңтүстік Африка Республикасының Квазулу-Натал провинциясының Магрет қаласында да дауыл соғып, жауын құйған. 5 адам қаза тапты. Сонымен қатар, ағаштар құлап, талай көлікті басып қалды. Үйлер мен кәсіпорындар зақымданды. Болжамдарға қарағанда, өлгендердің үшеуі автомашиналарымен бірге өзенге батып кеткен.


Хабарламаларға жазылу