Мемлекет басшысының су тасқынына қатысты үндеуін еліміздегі ірі кәсіпорындар мен іскер азаматтар қолдай кетті. Табиғи апаттан зардап шеккен өңірлерге қаржылай көмек көрсетіліп жатыр. Атап айтсақ, бүгін ғана Қазақмыс, KAZ Minerals, АлтынАлмас, Қаражыра және RBK Bank компаниялар тобы қосымша 40 миллиард теңге аударатынын жеткізді. Ендеше, су тасқынының зардабын жою бойынша, бүгінге дейін ірі көлемде қаражат аударған отандық компаниялардың тізімін ұсынамыз. Олардың қатарында, мемлекеттік және жекелеген қорлар, екінші деңгейлі банктер мен ірі өнеркәсіп орындары да бар.
Мейіржан Юсупов, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК басқарма төрағасы:
Су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге көмек көрсету үшін 3 млрд ақша бөлу туралы шешім қабылданды. Одан басқа арнайы техникалар жолданды. Оған қоса компаниямыздың қызметкерлері бір күндік жалақыларын өз еркімен бөлді. Одан бөлек 100-ге жуық қызметкеріміз өз еркімен 10 сәуірден бастап батыс өңірлеріне, яғни Ақтөбе, Атырау, БҚО-на аттанды. Аймақта жүрген әріптестеріміз әр 10 сағат сайын бір-бірін ауыстырып бөгет жасау жұмыстарын жүргізуде.
Сондай-ақ, еліміздегі танымал тұлғалар мен жекелеген кәсіпкерлер, өнер жұлдыздары да тасқын судан зардап шеккен өңірлерге көмек көрсету мақсатында миллиондап қаржы аударды. «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының өкілдері, еліміздегі атымтай жомарт жандар да, көмекке деп күн сайын ірі көлемде қаржы аударып жатқанын жеткізді.