Табиғи апатпен күресу және оның алдын алу үшін түбегейлі жаңа тәсілдер қабылдануы тиіс. Осылай деген Премьер-министр ресурстарды дұрыс пайдалану керектігін де айтты. Бұл ретте Үкімет Еуропа елдерінің тәжірибесіне жүгінбек.
Бүгін Олжас Бектеновтің төрағалығымен «Қазақстан–Еуроодақ» диалог платформасының 14-ші отырысы өтті. Жиынға мүше мемлекеттердің дипломатиялық миссияларының басшылары мен бірқатар еуропалық компаниялардың топ-менеджерлері қатысты. Қазақстан су ресурстарын басқару жүйесін дамыту тұжырымдамасын қабылдады. Осылайша суармалы жерлердің жағдайын бақылау жүйесі жетілдіріледі. Сондай-ақ төтенше жағдайлардың қаупін азайту үшін гидротехникалық құрылыстар жаңғыртылмақ.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-Министрі:
Табиғи апаттың ауқымы мен салдары бізден ресурстарды дұрыс пайдалану және болашақта осындай жағдайлардың алдын алу үшін түбегейлі жаңа тәсілдер қабылдауды талап етеді. Бұл мәселеде бізді Еуропа елдері мен компанияларының озық тәжірибелері мен әзірлемелері ерекше қызықтырады. Қазақстан Үкіметінің күш-жігерін Еуроодақтың қолдау бағдарламаларымен үйлестіру маңызды.
Нұржан Нұржігітов, ҚР Су ресурстары және ирригация министрі:
Тасқынның алдын алу мен шығындарды азайту үшін су ресурстарын басқару жүйесінің концепциясын жетілдіріп жатырмыз. Тиімді тәсілдерді жасау үшін озық елдердің тәжірибесі зерттеледі. Еуро Одақ елдері, атап айтқанды Нидерланды мемлекетінің су ресурстарын басқару мен тасқын судың алу бойынша тәжірибесін қарап, бізге көмектесетін әдіс-тәсілдерді зерделеп жатырмыз.