Ертіс өзеніне жіберілетін судың көлемі бәсеңдетілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ертіс өзеніне жіберілетін судың көлемі бәсеңдетілді

18.04.2024

Солтүстік Қазақстан облысының Шал ақын және Тайынша аудандарында тасқыннан зардап шеккен тұрғындар, өз баспаналарына орала бастады. Бұл жөнінде облыстық төтенше жағдай департаменті мәлімдеді. Қазір бұл аудандарда мамандар су тасқынынан зардап шеккен үйлерді бағалауға кірісті. Ал Петропавл гидро бекетінде су деңгейі бір тәулікте 27 сантиметрге төмендеді. Жезқазған бағытындағы республикалық тас жолдың "Оңтүстік" бекетіндегі су да тартыла бастады. Бүгін жеңіл көліктерге қатынауға рұқсат берілді. 29 наурыздан бері облыста/ 3500-ге жуық үйді су басты. 14 мыңнан астам адам эвакуацияланды. Мамандар болжамында, 22-ші сәуірге қарай тасқынның екінші толқыны басталады.

Кирилл Иванников, СҚО ТДЖ Басқарма Бастығы:

Сергеев қоймасындағы су арнасынан 2 метр 78 сантиметрге асып жатыр. Өткен тәулікпен салыстырғанда деңгейі 18 сантиметрге көтерілді. Дегенмен, ол бізге жеткенше Петропавлдағы су кетіп үлгереді деп ойламймын. Сондықтан тасқынның екінші толқыны қауіпті болмайды.

Шығыстағы су қоймалары, Ертіс өзеніне жіберілетін судың көлемін азайтуға мәжбүр болды. Себебі, бастапқыда секундына 3500 текше метр көлемде жіберілген су, кемерінен аса жайылып Семей қаласына қарасты кейбір елді мекендердің ішіне кіре бастаған. Салдарынан, Павлодар өңірінде де Ертіс өзені жағалауын бекітіп, тосқауыл қою жұмыстары басталған болатын. Тіпті, жазда адамдар суға түсетін облыс орталығындағы жағажай аумағына да, құм толтырылған қапшықтар жеткізілді. Бірақ, кешеден бері Ертіс өзеніне құйылып жатқан су деңгейі азайғаны байқалады.

Эльмира Кәленова

Хабарламаларға жазылу