Су тасқынынан зардап шеккендер 1 шілдеге дейін салық төлемейді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Су тасқынынан зардап шеккендер 1 шілдеге дейін салық төлемейді

18.04.2024

Су тасқынынан зардап шеккендер 1 шілдеге дейін салықтан босатылды. Қаржы министрі арнайы бұйрыққа қол қойды. Құжатқа сай, төтенше жағдай режимі жарияланған өңірлерде апаттан зиян шеккен жеке және заңды тұғалардың наурыздың 1-нен маусымның 30-на дейінгі кезең үшін төленетін салықтық және әлеуметтік төлемдері кейінге қалдырылды.

Сондай-ақ салық есептілігін тапсыру мерзімдері де ауыстырылды. Уақытылы орындалмаған салық міндеттемесі мен берешектерге қатысты мәжбүрлеп өндіру шаралары жүргізілмейді. Камералдық бақылау нәтижелері бойынша хабарламаны орындау мерзімі де ұзартылды. Сондай-ақ 1 шілдеге дейін кешенді, хронометраждық зерттеп-қарау сияқты салықтық тексерулерден босатылады. Уақытылы төленбеген салықтар бойынша өсімпұлды есептелмейді. Бұл өзгерістер осы жылдың 1 наурызынан бастап туындаған құқықтық қатынастарға қолданылады. Салық төлеушілерге мемлекеттік кірістер органдарына барудың қажеті жоқ. Зардап шеккендердің тізімі әкімдіктерден алынады.

Қаракөз Тұрмағанбет

Хабарламаларға жазылу