Заңгер: Ашық сот отырысы қылмыс дерегін азайтады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Заңгер: Ашық сот отырысы қылмыс дерегін азайтады

17.04.2024

Атышулы «Бишімбаевтың ісінен» кейін қоғамда қызу талқы басталды. Ашық сот процесі көптің құқықтық сауатын ашты деуге болады. Мұны қарапайым ел азаматтары мен заңгерлердің өзі алға тартып отыр. Жақында ғана Президент қол қойған тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысы заңды көпшілік қалай қабылдады? Тыңдап көрейік.

Алты айдан бері қоғамда қызу талқыланып жатқан тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты дауға Президент жаңа заңды мақұлдап, нүкте қойды. Отбасындағы кикілжіңнің соңы қылмыспен аяқталса, зәбір көрсеткендердің қолына кісен салынатыны сенім ұялатты. Осылай деген ел азаматтары атышулы «Бишімбаевтың ісі» де құқықтық сауатымызды біршама ашты, - дейді.

Білікті заңгер Бағдат Амандосұлы осындай ашық сот отырысы қоғамның көзқарасын өзгертеді әрі қылмыс дерегін азайтады, - дейді.

Бағдат Амандосұлы, заңгер:

Осылай ашық түрде сот процессін көрсететін болса, қылмыстың деңгей төмендетіледі. Неғұрлым жаза қатаң болады, жаза жоғары болады, соғұрлым құқық бұзушылықтың деңгейі төмен болады. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес татуласу бойынша істі жабуға болады. Мына өзгертулер мен толықтырулар яғни орын алатын болса, онда татуласу арқылы істі тоқтатуға, бір сөзбен айтқанда жауып тастауға болмайды.

Ал халықыарлық құқық қорғау орталығының президенті Жанділдә Әжіғалиұлы, алдын ала тергеу жұмыстарын сот тергеушілері өздері өткізу қажет деген пікірде. Сонда «Бишімбаевтың ісіндегідей» алдымен бірнеше айға созылған тергеу, содан кейін сот процесін күтпес едік дейді.

Жанділдә Әжіғалиұлы, халықаралық құқық қорғау орталығының президенті:

Көп жағдайда сондай алдын-ала тергеулер уақытымен, мерзімімен айлап, жылдап созылып кетеді де, тергеу барысында сол зорлық-зомбылықты көрсеткен тұлғалар өздернің қылмысын жоқ қылу түрлі әрекеттерге барады, қорғаушылары жұмыс істейді. Менің жеке пікірім Франция еліндей қылмыс тіркелді ме, бірден соттың тергеушілер тергеу жүргізеді. Сондай тергеуді осындай тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша тергеуді бірден соттан бастау керек.

Айта кетейік, жаңа қатаңдатылған заң бойынша енді жеңіл жарақат салғандар - 2, денсаулығына орташа зақым келтіргендер - 8 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Ал қасақана зиян келтіріп барып, салдарынан жәбірленуші тіл тартпай кетсе, 106 баптың 3-ші тармағына сәйкес 8 жылдан 12 жылға дейін сотталуы мүмкін. Ал аса қатыгездікпен кісі өлтіргендер 20 жылға дейін немесе өмір бойына түрмеге тоғытылады.


Әйгерім Ердәулет

Хабарламаларға жазылу