Қызылорда қаласына қарасты Баймұрат батыр елді мекенінде жаңа дәрігерлік амбулатория ел игілігіне берілді. Медициналық нысан «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасымен салынды. Емхана бір мезетте 25 келушіні қабылдай алады.
Баймұрат батыр халық саны өсіп, жылдан жылға тынысы кеңейіп келе жатқан ауыл. Осы кезге дейін тұрғындар ескі амбулаторияға көңілі толмай, қалаға қатынап ем-дом алатын. Енді міне, көптің талап-тілегі орындалып, елдімекеннен заманауи медициналық нысан пайдалануға беріліп отыр.
Алмат Құрманғали, №4 емхананың бас дәрігері:
Ерекшелігі бұның күндізгі стационарымыз бар. Және де физио кабинеттеріміз бар. Зертханамыз бар. Стамоталогия кабинеті бар деген сияқты. Осындай жағдай жасалғаннан кейін әрине осы жерде емін алады. Толық жағдайы бар.
Сондай-ақ, осы күні Сырдарияның сол жағалауынан 650 орындық музыкалық колледждің іргетасы қаланды. Сыр елі жыр елінде өнерге жаны құмар жастардың музыкалық білім алуға деген сұранысы жоғары. Жергілікті билік өнер ошағының құрылысын демеуші есебінен салуға былтыр ірі мұнай компаниясымен келісімге келіп, биыл құрылысы басталды.
Нұрлыбек Нәлібаев, облыс әкімі:
Бүгін міне, «Саутс Ойл» компаниясының демеушілігімен құны 4 миллиард 800 миллион теңгені құрайтын музыкалық колледждің жаңа ғимаратының іргетасын бірге қалаймыз. Жаңа нысан білім мен мәдениеттің ордасына айналып, шығармашыл жастарымыздың өнерін шыңдауға жан-жақты мүмкіндік жасайтын болады.
Жоба бойынша зәулім оқу орнының құрылысы келер жылы аяқталып, ескі өнер ордасы Қазанғап атындағы жоғары музыкалық колледж жаңа ғимаратқа көшірілетін болады.
Әділбек Серікұлы