Орал тұсындағы Жайықтың су деңгейі 8 метрге жуықтады. Ал Шаған өзені ернеуінен тасып, су қаладағы кейбір учаскелерге кірді. Батыс Қазақстан облысының әкімі тасқын шарықтау шегіне қашан жететін айтты. Салдарынан бірнеше ауыл ауыз сусыз қалуы мүмкін. Өңірдегі ахуал туралы, тілшіміз Нұрсұлтан Тілектес баяндауға дайын.
Нұрсұлтан Тілектес, тілші:
Біз қазір Оралдағы «Телеорталық» аумағындамыз. Міне, өздеріңіз көріп тұрғандай, қала шетіндегі саяжайларға су кірген. Оралға да қауіп төнгесін, тұрғындар эвакуацияланып жатыр. Ресми ақпараттарға сүйенсек, Шаған өзені көтеріліп, Шаған су қоймасының деңгейі 30 метрге жеткен. Жайыққа құятын өзен қазір кері аға бастаған. Сондықтан қауіп күшейіп келеді. Ал Жайықтың деңгейі бүгін 3 сантиметрге өсіп, 8 метрге жуықтап қалды. Облыс әкімі тасқынның шарықтау шегінің мерзімін атады.
Нариман Төреғалиев, Батыс Қазақстан облысының әкімі:
Казгидромет мәліметіне сәйкес 22-сі судың максималды келетін кезеңі. Мынау біздегі Январцево ауылындағы отметкасына сәйкес, Январцев ауылына келеді. Одан кейін бізге қалаға 22 сәуір келеді деп күтіп отырмыз. 934 см-ға дейін көтеріледі деген болжам бар.
Жайықтың Орал тұсындағы қауіпті нүктесі 850 см. Яғни, тасқын су келсе, қауіпті деңгейден 1 метрге дейін асып кетуі әден мүмкін. Басты мақсат адам шығынын болдырмау. Оған қоса, стратегиялық нысандарды қорғауға да көп күш жұмсалып жатыр. Егер Жайық таситын болса, оның жағасындағы елдімекендер, нақтырақ айтсақ Теректі ауданына қарасты Жайық ауылдық округі ауыз сусыз қалуы ықтимал. Онда 3 мыңға жуық адам тұрады. Жалпы, нөпір су кіруі мүмкін 4 аудан бар. Қазір сол аудандардағы халықты жарықпен және сумен қамтып отырған нысандар аумағында бөгет салынып жатыр.
Нұрсұлтан Тілектес