Заңсыз құрылыс төңірегіндегі дау: Алматылықтар үйге салған қаржысын ала алмай отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Заңсыз құрылыс төңірегіндегі дау: Алматылықтар үйге салған қаржысын ала алмай отыр

17.04.2024


Алматыдағы тау бөктеріне «Француз үйін» салып береміз деп уәде еткен құрылыс компаниясы алдап кетті. Осылай деп арнамызға шағымданған ондаған салымшы не пәтерді, не қаражатты қайтара алмай жүргендерін айтады. Тілшілер тобы ол жақта үйдің іргетасы ғана қаланғанына көз жеткізді. Ал таулы аймақтағы заңсыз құрылыстан әкімдік хабардар ма?
Миллиондап қаражат құйған үлескерлдер дәл осы жерде салынады деген «Француз үйінде» тұруы керек еді. Алайда «Қарағайлы құрылыс» компаниясының құрғақ уәдесіне сеніп, сан соғып қалған. Оларға мердігерлер жалған құжат пен тұрғын үй кешенінің мінсіз жобасын көрсетіп, қаражатты аудартып алған. Компания осылай 100-ге жуық пәтерді жарты жылда сатып жіберген. Алданғандардың алды сотқа шағымданып, жеңіп шығыпты.

Раушан Елікбай, үлескер:
Не ақшамызды қайтарсын да, не мына жерді жөндеп бітіріп, баспананы жасасын. Қанша адам үй жалдап отыр. Үйлерін ала алмай отыр. Дұрыс сөйлеспейді де, кішкентай смс жазып, мен сіздерді сотқа берем десем, итке сүйек бергендей 500-200 мың лақтырады. Мен млн-дап құйдым ғо бұл квартираға.
Фариза Амандыққызы, үлескер:
Мен сотта жеңіп шықтым. Соттың шешімі бойынша маған 2023 жылдың 22 желтоқсанында ақшаны шотыма аударылуы керек еді. Бірақ маған әлі бір тиын да қайтарған жоқ.
Ал «Қарағайлы құрылыс» компаниясының өкілдері заңсыздыққа барғандарын мойындап тұр. Салымшылардың қаражатын қашан қайтарып беретіндерін де айта алмайды. Жақында ғана құрылыс компаниясының заңгері боп жұмысқа кірген Айнұр Хамзаева, «қазір бізде ақша жоқ» деп қысқа қайырды.

Айнұр Хамзаева, «Қарағайлы құрылыс» ЖШС заңгері:
Қандай жағдай болмасын компания барлық мүмкіндікті қарастырып, салымшылардың ақшасын қайтарып береді. Қашан екенін нақты айта алмаймын. Қазір компанияда ақша жоқ.
Әкімдік те «Француз үйін» салуға ешқандай рұқсат бермедік деп ресми мәлімдеді. Өйткені, жер телімі жеке тұрғын үй құрылысын салуға емес, бау-бақша серіктестігіне деп берілген екен. Заңгер, Марғұлан Шыныбаев, баспанаға ақша құяр алдында, салымшылар компаниядан «тұрғын үйге үлестік қатысу шартын» жасауды талап етуі тиіс еді дейді. Сонда үлескердің ақшасы құрылыс аяқталғанша банкте сақталып тұрады. Ал мердігер компания салымшылармен «алдын ала сату, сатып алу келісім шартын» жасап, алдап соққан.

Марғұлан Шыныбаев, заңгер:
Егер құрылысқа байланысты кез келген шарт, ол Әділет министрлігіне тіркелу керек. Әділет министрлігінде қарастырылған заңдар бар. Бұл үлескерлік шарт па, әлде алдын ала сатып салу шарты ма? Ал алдын ала сатып алу шарты болса, жоқ, тіркемейміз. Тек үлескерлік шартын ғана тіркейміз деп осындай қадағалау жасаса. Бұл біздің заңдағы қарастырылмаған жайт.
Былтыр Алматының таулы аймағындағы құрылысқа бақылау күшейтіліп, заңсыз салынған 52 нысан анықталған еді. Тізімде «Француз үйі» тұрғын үй кешенінің де бар екенін ескертілген. Бір қызығы, соған қарамастан дәл осы үй әлі күнге дейін «krisha.kz»-те жарнамаланып жатыр. Ал алдандық деген салымшыларға заңгер тек бірлесіп сотқа арыздану керек екенін айтты.

Айдана Қуантхан

Хабарламаларға жазылу