Мемлекет басшысы Қостанай жұртшылығымен кездесті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мемлекет басшысы Қостанай жұртшылығымен кездесті

17.04.2024

Тасқын судың салдарын еңсеруге Forbes тізіміндегі ірі кәсіпкерлер көмектеседі. Қасым-Жомарт Тоқаев олармен арнайы кездесіп, әрқайсысын су басқан өңірлерді қалпына келтіру жұмыстарына жауапты ретінде бекітіп қоймақ. Президент бұл туралы Қостанай облысына барған сапарында айтты. Мемлекет басшысы өңірдегі жағдаймен жан-жақты танысып, жергілікті жұртшылықпен жүздесті. Зардап шеккендерге барлық көмек көрсетілетінін тағы бір мәрте айтты.

Қарғын су қостанайлықтарды да әбден әуреге салды. Қазір алты ауданда төтенше жағдай жарияланған. 11 ауылды су шайды. 4 көпір мен 7 жол учаскесі су астында қалды. Көлік қатынасы қиындап, су басқан елдімекендер жарықсыз қалды.

Қазір Қаратомар, Жоғарғы Тобыл және Желқуар су қоймалары жіті бақылауда. Президент әуелі әуеге көтеріліп, су басқан аумақты көктен бағамдады. Сақтық шараларын шолып өткен соң, жедел штабқа жиналған жұртпен кездесті. Қал-жағдай сұрасып, жылы әңгімелесті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Саламатсыздар, қалдарыңыз қалай? Көріп отырмын, қиын жағдайға ұшырадық. Бұл табиғи апат. Бәріміз ел, ұжым болып еңсеруіміз керек.

Президент шығын толығымен өтелетінін тағы бір мәрте айтты. Үйі жарамсыз деп танылғанғандарға қысқа дейін жаңа баспана берілмек. Ал Үкімет күзде құрылыс жұмыстарын түгел аяқтап, апат салдарын жойғаны туралы толық есеп беруі тиіс. Қаржыны үнемдеу үшін мемлекет ауқымды шаралардан да бас тартады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Тұрғын үйі жарамсыз азаматтарға жаңа баспана салынады және жөндеуге жарамды үйлер қайта қалпына келтіріледі. Оған қажетті барлық қаражат бөлінеді. Кім пәтерге көшкісі келсе, біз пәтер сатып алып береміз. Кім өз қонысында қалғысы келеді, оларға типтік үлгідегі үйлер саламыз. Дегенмен қауіпті жерлерде қалуға мүлде болмайды. Мұндай үйлердің жобасы бар. Бұл үйлер қысқа дейін толықтай салынады.

Жиналғандар өзге де қоғамды алаңдатқан мәселелерді көтеріп, сұрақтарына жауап алды. Соның бірі – киіктерді атуға қатысты қабылданған шешім. Президент ақбөкендерді атуға әуел баста қарсы болғанын, бұл бұйрық жақында өз күшін жоятынын мәлімдеді. Алқапты таптап кетті деп шағымданатын шаруалардың мәселесін басқа жолмен шешу қажет, дейді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Мен бұрын киіктерді атуға қарсы болғанмын. Қазір осындай шешім қабылдап жатырмын. Киіктерді атуға тыйым салатын болдық.

Тіл мәселесі мен отбасылық зорлық-зомбылық жайы да талқыланды. Президент әйел құқығы мен бала қауіпсіздігіне қатысты заңға таяуда ғана қол қойған. Бұл құжат халықаралық ұйымдар мен әлем елдері тарапынан ерекше қолдау тапты, дейді Мемлекет басшысы.

Осындай қиын сәтте жұдырықтай жұмыла әрекет ету маңызды. Президент тасқынды еңсеріп, келесі жылы Арқалық қаласына өзі арнайы баратынын айтты. Өңірде Алаш ардақтысы Міржақып Дулатовтың 140 жылдығын атап өту жоспарланған.

Ертарғын Жұбанышев, облыс тұрғыны:

Бәріміз осы ауыл болып бірігіп, 1-2 күн ғана үрей болды. Екінші күні есімізді жиып алдық. Жеңіп, көмегімізді бір-бірімізге беріп жатырмыз. Сіз бүгін бізге келіп тұрып, жақсылық, сенім әкелдіңіз.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Енді бұл топан су, бәріміз үшін сынақ болды. Аманшылық болса, бұл сынақтан ойдағыдай бәріміз шығып кетеміз. Ешқандай күмән жоқ. Халық жақсы ғой енді. Халық мықты. Шығамыз.

Президент қостанайлық бизнес өкілдерімен де кездесті. Су басқан аймақтарды қалпына келтіруге Forbes тізіміндегі қалталы азаматтар көмектесуі тиіс. Мемлекет басшысы оларды әр аймаққа жауапты ретінде бекітіп қоймақ.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Олармен арнайы кездесеміз. Әрқайсысын әр облысқа, ауданға, елдімекенге бекітеміз. Оларға нақты жауапкершілік жүктеледі. Бұл бір жағы кәсіпкерлердің де мүддесіне сай. Халқына қайырымдылық жасаған азамат ретінде есімдері қалады. Мемлекет тарапынан да елеусіз қалмайды деп ойлаймын.

Су тасқыны кезінде жұмыла атсалысқан еріктілердің еңбегі ерен. Президент оларға жан-жақты қолдау көрсететінін айтып, ризашылығын білдірді.

Айбек Таңатбаев, ҚХА облыстық филиалының қызметкері:

Артымда менің мыңдаған жастар тұр. Қиналған кезде бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, ұйымшылдығын көрсетті. Сыртта жүрген жерлестеріміз, ауылдастарымыз, азаматтарымыз барлығы демеушілік жасап, халықпен бірге болды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Жақсы болды. Дұрыс айтасың. Еріктілерге сәлем айтыңыз. Мыңдаған адам қазір жұмыс істеп жатыр. Бір команда болып, бір ұжым болып. Ризашылығымды білдіремін.

Қазір өңірдің біраз бөлігінде тасқын судың беті қайта бастады. Әсіресе, бөгеттерді бекіту, инертті материалдарды көптеп төгу нәтижесінде Тобыл қаласы, Амангелді ауданының орталығы және басқа да елді мекендер масқын судан аман қалған. Президент облыс басшысына жағдайды әрі қарай да бақылауда ұстау керектігін ескертті.

Айя Мүтәлі


Хабарламаларға жазылу